Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақша ашылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында туа бітті сал ауруына шалдыққан, Даун синдромымен туған балалар балабақшамен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласының Батыс-2 ықшамауданындағы балабақшада бұған дейін қарапайым балалар тәрбиеленді. Облыста мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан сұраныс артып, мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында салынған балабақша қайта жөнделіп, ерекше диагнозбен туған балаларға берілді. «Бақытты бала» жобасы аясында ашылған балабақшада 180 бала тәрбиеленеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларға баса назар аударылады. Біздің міндетіміз - оларды еліміздің лайықты азаматтары ретінде тәрбиелеу үшін жақсы жағдай жасау. Осы мақсатта 2018 жыл облыста «Бақытты балалық шақ» жылы деп жарияланды. «Бақытты бала» жобасының аясында көптеген іс-шаралар, қайырымдылық акциялар өткізіліп, ерекше балаларға арналған бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру, туа бітті сал ауруы және аутизмге шалдыққан балаларға арналған алғашқы оңалту орталығы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жыл бойы демалыс лагері ашылды», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Балабақша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қолданысқа берілді. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнда аутизм, тірек-қимыл жүйесі, Даун синдромы, ақыл-есі мен интеллектуалды дамуы бұзылған балалар тәрбиеленеді. Бұл өңірдегі алғашқы түзеу балабақшасы. Мұнда бассейн, массаж, фитнес орталығы, емдеу кабинеті бар. Мамандар алдын ала оқытылып, біліктілігін арттырды.
Айта кетейік, облыста 5 мыңнан астам ерекше диагнозбен туған бала бар. Оның 2 мыңнан астамы мектепке дейінгі жаста.