Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар баспаналы болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде он жылдан астам пәтер кезегінде тұрған адамдар баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар баспаналы болды

2006 жылдан бері өз кезегін күтіп жүрген Ақтөбе қаласының тұрғындары баспаналы болды. Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин 30 отбасыға пәтер кілтін табыстады. Олардың қатарында ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер, толық емес, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы, 1, 2 топ мүгедектері, жетім балалар бар. Олар Нұр Ақтөбе шағын ауданындағы тоғыз қабатты үйден бір, екі, үш бөлмелі пәтерге ие болды.
«Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында ел экономикасы қарқынды дамып, халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі саясаты қарқынды іске асырылып жатыр. Облыс орталығының өзінде 24 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Олардың баспаналы болуы үшін көп қабатты үйлерді салу жұмыстары белсенді жүргізілуде»,- деді Оңдасын Оразалин.

Жаңа үйде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасалған.

Мәселен, кіре беріске электронды көтергіштер орнатылған. Кәсіпкер, «Пандус Ок» ЖШС басшысы Шахан Жолдасбаев көтергіштердің қалай жұмыс істейтінін таныстырды.

Айта кетейік, биыл кезекте тұрған 782 адамға жалдамалы-коммуналдық пәтер ұсыну жоспарланып отыр. Олардың ішінде 252 отбасы жаңа қоныс тойын тойлады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 3 млрд теңгеге 302 өтініш мақұлданды. «Шаңырақ» - «5-10-20» бағдарламасы аясында 278 отбасыға жалпы сомасы 2,38 млрд теңгеге несие берілді.