Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналасуға жолдама алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандарға жолдама берді. Енді олар түрлі кәсіпорындар мен әкімдіктерде жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналасуға жолдама алды

Ақтөбеде «Біз біргеміз» атты қайырымдылық акциясы өтті. Акцияға жұмыс берушілер мен жұмыс іздеп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының жетекшісі Құралай Байменованың айтуынша, акция аясында 50 адам жұмысқа жолдама алады. Олар алдағы уақытта әкімдік, мемлекеттік мекемелер мен өндіріс орындарында жұмыс істейді.

«Мүмкіндігі шектеулі жандар үйде отырып зейнетақы алу ойын артқа тастап, жұмыс істеуге талпынып жатыр. Арбаға таңылған адамдар үшін ІТ технология қызықты. Көпшілігі осы саланы таңдайды. Сонымен қатар, қолөнер шеберлері де бар. Олар өздері жасаған бұйымды сатуға шығарады»,- деді Құралай Байменова.

Өз еркімен жүре алмаса да ойы зерек адамдар үшін бір орында отырып жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Кәсіпкерлер мен мекеме басшылары да ІІ, ІІІ топ мүгедектеріне жұмыс беруге келісті.

«Ақтөбе облысы бойынша 5 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істейді. Жыл сайын 700-800 адамды жұмыспен қамтуға күш саламыз. Дегенмен біз әрқайсысының еңбекке араласқанын қалаймыз. Қазақта «бірлік түбі тірлік» деген сөз бар. Тірлік болса, жағдайымыз жақсы болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту акциясы тек Ақтөбе өңірінде емес, Қазақстанның барлық облысында өтіп, қолдау табатына сенімдіміз», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
null 

Мүгедектерді жұмыспен қамтып отырған мекемелер арасында Қазақстан темір жолы бар. «ҚЖТ» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы, Ақтөбе магистральді желі мекемесінің кадр маманы Айша Қалағанованың айтуынша, қазір теміржол саласында 28 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істейді.

«Компанияда жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі жандардың 11-і өндірістік жарақат алып, жұмыс орнын сақтады. Ал өзге адамдар ІІ, ІІІ топ мүгедектері. Олардың арасында есепші, инженер мамандар бар. Біз алдағы уақытта бірнеше адамды жұмысқа аламыз», - деді ол.