Ақтөбеде мұнай тасымалдаушы көлігімен бірге жанып кетті
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қопа ауылында төтенше оқиға тіркелді. КамАЗ көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, аударылған.
«Қопа ауылынан 3 шақырым қашықтықта жол-көлік оқиғасы тіркелді. 52 жастағы көлік жүргізушісі тіркемесі бар КамАЗ көлігінің руліне ие бола алмай қалған. Көлік аударылып, кабинасы жанды. Салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды»,- деді облыстық ІІД баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы Нұргүл Қонақбаева.
Айта кетейік, осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу басталды. КамАЗ жүргізушісі «Сағыз Петролиум Компани» ЖШС-нің мұнайын тасымалдаған. Тасымалдау қызметін «Жангереев» ЖК көрсеткен. Жүк көлігі де жеке адамдарға тиесілі.