Ақтөбеде мұнай ұрлаған қылмыстық топты қамау мерзімі 1 айға ұзартылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мұнай ұрлығына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері әлі ұсталып жатыр. Прокурорлардың  өтініші бойынша қылмыстық топ жетекшісі Еркін  Ізбасарды тұтқында ұстау санкциясы 7 наурызға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде мұнай ұрлаған қылмыстық топты қамау мерзімі 1 айға ұзартылды

Өткен жылдың желтоқсан айында «ағайынды төртеу» деген лақап атпен аты шыққан Еркін Ізбасар «мұнай ұрлады» деген күдікпен ұсталған болатын. Қазіргі уақытта Ақтөбеде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау операциясы әлі жүріп жатыр. Облыстық соттың баспасөз қызметкері Илиада Досованың айтуынша, 3 ақпан күні тағы екі күдікті қолға түсіп, сот 2 ай тергеу оқшаулағышына қамау туралы шешім шығарған.

«Мұнай ұрлығына қатысты қылмыстық топтың 15 мүшесіне қатысты санкция мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Ал топ жетекшісі Еркін Ізбасарға келер болсақ, 4 ақпан күні өтініш түсіп, 7 наурызға дейін созылды. Мұнай ұрлығына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы барлығы 20 күдіктіге қолданылды»,- деді Илиада Досова.