Ақтөбеде мұнай ұрлағандар күзет қызметі бастығына айына 300 мың теңге бермек болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты іс жалғасып жатыр. Мұнай ұрлаған топ күзет қызметінің бастығына ай сайын 300 мың теңге беріп отыруға уәде еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбеде мұнай ұрлағандар күзет қызметі бастығына айына 300 мың теңге бермек болды

Ақтөбеде Еркін Ізбасар, Аухат Қалиев бастаған ұйымдасқан топқа қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр. Қазіргі кезде «Ащыкөл», «Қағанай», «Қаратөбе», «Синельниковский» кен орындарындағы мұнайды ұрлау істері қаралуда. Бүгін куәгер, «АзияГруппСекьюрити» ЖШС-інде жұмыс істейтін Жәдігер Аймаханов жауап берді. Ол бұрын құқық қорғау саласында, 2015 жылдан бастап мұнай компанияларын күзететін серіктестікті басқарды.

«Мен күзет компаниясында 2015 жылдан бері жұмыс істеймін. Біздің күзет аймағына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Жаңажол газ өңдеу зауытттары, мұнай сақтау, тасымалдау кіреді. Сонымен қатар, мұнай құбырларын қараймыз. Бір күні маған Саясат Дүсіпов телефон шалды. Бұл 2016 жылдың мамыр айы болатын. Ол бильярд ойнайтын жерге шақырып, бір адамды күтіп отырғанымызды ескертті. Бірақ ешкім келмеген соң әңгімені бастады. Ол облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Рахат Ахановты танитынын жеткізді. Әрі мұнай ұрлау жолдарын білетінін айтты. Саясат мұнай ұрлығы кезінде күзет қызметі кедергі келтірмеуі үшін айына 300 мың теңге ұсынды. Ал мобильді топқа 50 мың теңге беретін болды. Бірақ мен бәрінен бас тарттым», - деді куәгер Жәдігер Аймағамбетов. Кейін сотталушы Саясат Дүсіпов бірнеше рет телефон шалып, кездесуді сұраған. Бірақ куәгер байланыс жасамай, өз қызметкерлері арасында күдікке іліккендерді жұмыстан шығарған.
null 

Айта кетейік, куәгер Еркін Ізбасарды танымайтынын жеткізді. Ал бұрын Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары болған Рахат Ахановты бір рет 2011 жылы медаль алу кезінде көрген.

Еске салсақ, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мұнай ұрлығына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ ісі қаралып жатыр. Барлығы 26 адам 2003-2016 жылдардағы қылмыстық іс бойынша жауап беруде.