Ақтөбеде Мүслім, Мұхаммед, Мұстафа атты үшем дүниеге келді
Ақтөбеде үшем өмірге келді. Олардың есімі – Муслим, Мұхаммед, Мұстафа, деп хабарлайды Kazinform.
Ақтөбедегі перинаталдық орталыққа үшем өмірге келді.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жарқынгүл Сатаева — Темір ауданы Шұбарқұдық ауылының тұрғыны.
Ол 12 қыркүйек күні толғақ қысып, орталыққа жеткізілген. Босануға ерте болды.
Бар болғаны 31 апта деп есептеліп, дәрігерлер балалардың өкпесін жетілдіру үшін анасына ем жүргізді.
«Анасы бұған дейін төрт рет жүкті болып, балаларын аман-есен өмірге әкелген екен. Ал үшемді босанар кезде кесір тілігін жасауға тура келді. 13 қыркүйек күні таңда балалар өмірге келді. Муслимнің салмағы — 1700 гр, Мұстафаныкі — 1350 гр, ал Мұхаммедтің салмағы — 1470 гр. Содан кейін анасы мен балалары бақылауға алынып, қажетті күтім жасалды. Анасы өзін жақсы сезінеді. Ал балалары салмақ қосып жатыр», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Бүгін олар перинаталды орталықтан шығарылды.
«Осымен 7 баланың әкесімін. Өзім теміржолда жұмыс істеймін. Машинистің көмекшісімін. Үшем екенін УЗД өткеннен кейін білдік, қуандық. Нағашыларымда бар егіздер. Бізде үшем болмады, бірінші рет. Әйелімнің арғы аталарында да егіздер бар негізі. Өзім шынымды айтсам қуаныштан басым айналып жүр», — деді үшемнің әкесі Әсет Сатаев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде пәтері бар, бірақ апатты жағдайда тұр. Ауылға оралған соң ата-анасының жанында болып, кейін үй жалдап, бөлек шығуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, биыл 9 айда облыстық перинаталдық орталықта 5600 әйел босанды.
Оның 76-ы егіз. Соңғы екі жылда мұнда 4 үшем өмірге келсе, оның екеуі — Темір ауданының тумасы.