Ақтөбеде мыңнан астам адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 1102 адам ауруханаларда коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Оның 97-і жансақтау бөліміне жатқызылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша бір тәулікте 393 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның басым бөлігі симптомды.
«Эпидахуал күрделі. Күн өткен сайын науқастар саны артып барады. Сонымен бірге жағдайы ауыр науқастар саны үш есеге көбейді. 3-4 апта бұрын 500-ден астам стационарда жатса, қазір мыңнан асып кетті. «Дельта» штамның негізгі белгілерін жиі айтып отырмыз. Небәрі 2-3 күнде асқынып кетеді. Коронавирус инфекциясына қарсы нақты ем жоқ. Біз дене қызуы көтерілсе, оны түсіретін дәрі береміз. Сонымен бірге антикоагулянттарды тағайындаймыз. Қорғанудың жалғыз жолы – вакцина. Мұны түсініп, өзіңізді, жақыныңызды қорғау үшін екпе салдырыңыз. Өлім көрсеткіші де көбейді. Тамыз айында 46 адам көз жұмды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Айта кетейік, науқастар ем қабылдап жатқан облыстық фтизиопульмонологиялық орталық 98%, теміржол ауруханасы 74%, облыстық инфекциялық ауруханаға қарасты наркологиялық диспансер 82% толы.
«Инфекциялық стационарлардың жұмыс істеп тұрғанына екінші жыл. Дәрігерлер моральдық, физикалық тұрғыда шаршады. Жүктеме өте жоғары. Соған қарамастан медицина қызметкерлері жұмысын жалғастырады. Күн ыстықта жеке қорғаныс костюмімен жұмыс істеу оңай емес», - деді Бекболат Ізбасаров.