Ақтөбеде нан бағасын өсірмеу үшін айналымға 600 миллион теңге беріледі

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде нан бағасын өсірмей, тұрақты ұстап тұру үшін биыл айналымға 160 миллион теңге берілсе, келер жылы 600 миллион теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде нан бағасын өсірмеу үшін айналымға 600 миллион теңге беріледі

Ақтөбеде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шара қолға алынды. Коронавирус инфекциясы қайта өршіп, карантин болса, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысы жоспарланды. Қазір әлеуметтік маңызы бар 32 түрлі тағам болса, оның 24-і жергілікті жерде өндіріледі. Тек қарақұмық, күріш, қант пен тұз, сарымсақ, бұрыш, алма, балық шығарылмайды.

«2020-2022 жылдары аралығында 27 ірі инвестициялық жоба іске асырылады. Жоба құны – 176 миллиард теңге. Қазіргі кезде бірқатары іске асырылды. Мәселен, балық шаруашылығын қолға алған кәсіпкер жылына 1,5 мың тонна балық өндірмек. Көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында 5 га жерге жылыжай салып жатыр. Құрылыс жұмысы аяқталды», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.


Сонымен бірге алқаптан сөреге тәсілі жиі қолданылады. Шаруалар өнімдерін бірден сатуға шығарады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де ұйымдастырылады.

«Биыл нан бағасын тұрақтандыру үшін қаладағы 4 нан шығару цехына 160 миллион теңге айналым қаржысы берілді. Жыл соңында қаржы кері қайтарылады. Сонымен бірге келер жылы тағы 600 миллион теңге қаржы беруді жоспарлап отырмыз. Қаржыны нан шығару цехына емес, ұн өндірушілерге береміз. Сол кезде нан цехына қажетті ұн құны қолжетімді болады»,- Құсайын Сәрсембай.