Ақтөбеде нан өнімдері комбинатына инвестор табылмай жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Хромтау ауданындағы нан өнімдері комбинаты 2012 жылы іске қосылған. Сол жылы «Ең үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша өңірде жеңіске жетіп, республикалық байқауға қатысты.

Ақтөбеде нан өнімдері комбинатына инвестор табылмай жатыр

 Дегенмен компания қаржылық қиындықтарға төтеп бере алмай, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды, -  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нан өнімдері комбинаты екінші деңгейлі банкке кепілге алынған. Менеджмент дұрыс жүргізілмеген болуы керек, қаржылық қиындықтар болды. Қазір акционерлермен кездесіп, сату жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Қытайлық, ресейлік компанияларға жобаны ұсындық. Бірақ банк комбинаттың құнын жоғары бағалап отыр. Сондықтан комбинатты қайта іске қосып, сатып алған кәсіпкер қарызды кесте бойынша өтеуін сұрап отырмыз»,- деді Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин.

Айта кетейік, нан комбинатындағы макарон цехында италиялық құрал-жабдық қондырылған болатын. Сонымен қатар, Германиядан әкелінген ұн диірмені бар. Қазір бәрі қаңырап, бос тұр.