Ақтөбеде нәрестелер көзіне ота жасайтын жалғыз маман бар

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Шақалақтардың жетілуіне, перзентханадағы күтіміне жауапты Ақтөбеде жалғыз неонатолог маман қазір көз ауруларын емдейді, ота жасайды. Сәбилерге отаны бір өзі жасайды, кейін қабылдау жүргізеді. Тәжірибелі неонатолог-офтальмолог Камшат Мешитбаева ҚазАқпарат тілшісіне осы саланың проблемалары мен жетістіктерін айтып берді.

Ақтөбеде нәрестелер көзіне ота жасайтын жалғыз маман бар

К.Мешитбаева 2001 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына құжаттарын Орал қаласында тапсырған. Сол жерде емтихан тапсырып, мемлекеттік грант иегері атанды. Ал 2007 жылы педиатр мамандығын алып, интернатураға түсті. Тағы бір жыл оқып, білімін жетілдірді. Жалпы, 5-курстан бастап спортшыларға арналған диспансерде дәрігер болды. Дәрігер спортшыларды медициналық тексеруден өткізіп, ем-дом жүргізді. Жас ақтөбеліктерді жарысқа дайындады. Ал интернатура құжаты қолға тиген соң Хромтау ауданының Ақжар ауылына аттанды. Мұндағы дәрігерлік амбулаторияда 4 жыл педиатр болып еңбек етті. 2013 жылдан бастап жалпы тәжірибелік дәрігер атанды. 2017 жылы облыстық перинаталдық орталыққа ауысты. Қазір де осы орталықта неонатолог-офтальмолог болып еңбек етеді. Әр жаңа қызметке ауысқанда біліктілігін арттырып, арнайы сертификат иеленді.

«Қазір айы-күні жетпей босанып қалатын аналар көбейді. Орталықта жылына шамамен 7500 әйел босанса, оның 5% сәбиін ерте өмірге әкеледі. Технология дамыған заманда шақалақтың өмір сүріп кету көрсеткіші жоғары. Бірақ ем жүргізіледі, дәрігерлер бақылауында болады. Өкпе дамымайды, жүрегінде саңылау болып, көзі ауырады, миы жетілмейді. Мәселен 30-аптада өмірге келсе, 38-аптаға жеткенше түрлі қиындыққа кезігеді. Сәби көгеріп, емуі нашарлайды. Кейде түтікше арқылы тамақтанады. Қоспа да ішуіне тура келеді. Ішектері сол кезде шыдамай, ісіп кетеді. Осының бәрі біздің бақылауымызда болады», - деді Камшат Мешитбаева.

Қазір неонатолог маман ретінде 33 баланың денсаулығына жауапты. Қай күні, қанша аптада өмірге келгені арнайы кітапшада жазулы тұр. Ал отыз апталық сәбидің барлығының көзін арнайы құрылғымен тексереді. Сол кезде екінші мамандығына кіріседі.

«Қазір 24 апталық, салмағы 500 грамм болатын сәбилер де өмірге келіп жатыр. Бала өмірге ерте келсе, соғұрлым ретинопатия, яғни көз ауруына шалдығады. Бұл диагноздың бес деңгейі бар. Бірінші және екінші деңгейді қадағалаймыз. Ал егер бір, екіден өтіп, үшке ауысса, ота жасалады. Егер ота жасалмаса, көзі өте нашар көреді, тіпті көр соқыр болып қалады. Нақтыласам, бала 30-аптада немесе одан да аз уақытта өмірге келсе, арада үш апта өтуі тиіс. Ал 34-аптада өмірге келсе, бір аптадан кейін көзін тексеремін. Офтальмоскопияны киіп, лупамен қараймын. Арнайы дәрі тамызған кезде қарашық үлкейеді. Сол кезде тексеру тиімді. Көбіне конъюктивит, яғни көздің дәнекер қабығының қабынуы, ретинопатия ауруы кездеседі. Шала туған балада осы ретинопатия анықталады. Олардың көз тамырлары дұрыс жетілмейді. Шақалаққа дыбыс, ауа, жарықтың бәрі кері әсерін тигізеді. Сондықтан баланы арнайы аппаратқа салып, анасының жатырында жатқандай әсер беру үшін жан-жағын қоршап қоямыз. Ал егер ауа жетпесе, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылады», - деді офтальмолог.

Биыл тамыз айында Ақтөбеге «Аяла» қоры лазерлік аппаратты сыйға тартты. Облыстық перинаталды орталықтағы жаңа құрал Астана мен Алматыда жасалатын отаны жергілікті жерде жасауға мүмкіндік береді. Камшат Мешитбаева наурыз айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласына барып, лазерлік микрохирургия саласын меңгерді. Кейін Алматыдағы білікті маман Әсел Шәріпова өз нұсқауымен аппарат алуға ықпал етті. Тамызда жеткізілген құрылғы бір айдан соң кәдеге жарай бастады. Биыл қыркүйекте ақтөбелік маман алғашқы отаны жасады. Бір өзі бар жауапкершілікті мойнына алды. Алғашқы ота 4 сағатқа созылды.

«Өмірге келген балаларда көз ауруы болса, жолдамамен осы ауруханаға жібереді. Бірақ балаларды 42 аптаға дейінгі ғана бақылауға аламын. Ретинопатия – шала туған нәрестелерде жиі кездеседі. Дегенмен өзге балаларда да болуы мүмкін. Оны бір қарап, анықтау, ажырату мүмкін емес. Сондықтан облыс үшін бір ғана маманның осы салаға машықтанғаны аздық етеді. Оқимын, саланы меңгеремін деген жастарды көрмедім. Ота – зергерлік шеберлік. Бір орында тапжылмай 4 сағат шыдау керек. Лазер қосулы кезде шалт қимылдасақ, күйдіріп те жібереміз. Бұл сала неге ақ халаттыларды қызықтырмайды? Себебі ақшасы мүлде жоқ десек те болады. Бар болғаны 0,25 сағат есептеледі. Қалғанын өзіңіз есептей беріңіз», - деді дәрігер.

Айта кетейік, облыстық перинаталды орталықта 2022 жылы үш үшем өмірге келді. Оның біреуі жасанды ұрықтандыру бағдарламасының жемісі.