Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлер таныстырылды

Ақтөбенің «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бірқатар тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Пилоттық жоба аясында үш қабатты таунхаустар мен коттедждердіңсалынып жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
Ақтөбеде салынып жатқан тұрғын үйлердің алғашқысында құрылыс жұмыстары аяқталып, бүгін Үкіметте тұсауы кесілді. Қазіргі таңда үйдің айналасын аббаттандыру, пәтердің ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Алғашқы кезеңде 3 мыңға жуық пәтер салынады. Барлығы 914 отбасы жекеменшік баспанамен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, өңірде 15 мың адамға жер телімі беріледі.
«Бағдарлама бойынша тез салынатын, шағын қабатты тұрғын үйлерді салу қолға алынды. Биыл құрылысы басталды. «Нұр Ақтөбе» ауданында 3-4 қабатты 56 тұрғын үйді салу жоспарда бар. Алғашқы кезеңде 26 тұрғын үйдің құжаты жасалып, құрылыс басталды. Барлығы 8 мердігер мекеме жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, бағдарлама бойынша 194 учаскеде жеке тұрғын үйлер салына бастады. Үйдің шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайды»,- деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданының халқы 20 мыңға жетті.