Ақтөбеде облыстық пікірсайыс турнирі өтті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Дінмұхаммед Қонаевтың 110 жылдығына орай облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Оған 24 команда қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде облыстық пікірсайыс турнирі өтті

Ашық пікірсайыс турнирінің мақсаты - жастар қатарынан шешендік шеберлігі бар, өзінің көзқарасын сауатты және нақты қорғай алатын жас көшбасшыларды іздеу және оларға қолдау көрсету, нақты мәселелерді шешу, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, патриотизмді дамыту жұмыстарын кеңінен насихаттау.

Турнирге жоғары және кәсіптік-техникалық колледж студенттерінен 24 команда қатысты.

Турнир барысында Дінмұхаммед Қонаевтың жетістіктері, қазақ кинематографиясы, шығыс және батыс мәдениеттері, ҚР Тәуелсіздігінің нышандары сынды жастар арасында өзекті тақырыптар қозғалады.

«Сайыс Қ. Жұбанов атындағы өңірлік университеті, облыстық жастар ресурстық орталығы және «Заман біздігі» интелектуалды элиталы одағының ұйымдастыруымен өтті. Турнир бір ай бұрын жоспарланып, дайындалды. Д.Қонаевтың 110 жылдығына орай өткізілген турнир тұлғаны ұлықтауға, жүріп өткен жолы мен еңбегін дәріптеуге арналды. «Өмірдің екі тірегі бар. Ол үйретуден жалықпау, үйренуден аянбау» деп Д.Қонаев айтқандай, жастардың белсенділігін арттырғымыз келді. Жастар бұл ортада танымын кеңейтіп, ойын ашық айта алады. Негізі біз қатысушының тақырыпты жан-жақты зерттеуі, талдауы, өз ұстанымын таныстырып, ұстануын бағалаймыз. Қарсы пікір айтқанда ақпараттың дәлдігі маңызды. Сараптама да ұтқыр болуы тиіс»,- деді ұйымдастырушы Асылбек Токмырзаев.

Университет студенті белсенділер қатарына кіру үшін «Заман біздігі» интелектуалды элиталы одағының мүшелігіне өтті. Үш жылдан бері пікірсайыс ойындарын түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялап жүр. Тіпті үздік ойыншылармен сұхбаттасып, жастарға тәжірибе жинауға септігін тигізеді.

«Өзім педагогикалық колледжде білім алып жүрмін. Ал пікірсайыс клубы менің өмірімнің бір бөлшегі. Кезекті сайысқа екі апта бойы дайындалдым. Белгілі бір ойды растау үшін өзіңнің өмірлік ұстанымыңа қарсы пікір айтуға тура келетін шақ болады. Мұндай кезде қиын, бірақ тығырықтан шығуға болады. Өзіме еркін тақырып ұнайды. Бұл жолды әрі қарай жалғастырамын және мен елдегі жағдайды талдап, өз ойын ашық айта алатын тұлға болып қалыптасқым келеді»,-деді турнирге қатысушы Томирис Бекжанова.
Турнирде бірінші орынды «Сингай» командасындағы Айдана Боранбаева, Ақнұр Қуаныш, екінші орынды «Сэнсей» фракциясынан
Дамир Төлеген, Альфия Бактыгалиева және үшінші орынды «SuB-ZERO» фракциясынан Биболат Алпысбайұлы, Айдар Абенов алды. Ал Айдана Боранбаева «Үздік спикер», Аманқос Онкалбаев «Үздік төреші» атанды.