Ақтөбеде оқу ақысын бірден 93% көтерген колледждің студенттері мен ата-аналары қарсылық білдірді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжінде оқу ақысы бірден 200 000 теңгеге көтерілді. Бұрын 450 000 теңге төлеп жүрген студенттер енді 650 000 теңге төлеуге қарсы. Бүгін ата-аналар мен студенттер колледжге жиналып, шағымын жеткізді.
Ақтөбедегі жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжінде 1 500 студент бар. Биылғы оқу жылында шамамен 700 студент оқуға қабылданған. Мұнда мұғілім де, заңгерлер мен есепшілер, туримз, өрт қауіпсіздігі саласымен қатар медицина қызметкерлері дайындалады.
Талапкерлерден ҰБТ қорытындысын талап етпейтінін де жазған. Шағын ғана оқу ғимаратына бүгін ата-аналар мен студенттер жиналып, оқу сапасымен қатар оқу ақысына қарсылығын білдірді.
— Былтыр оқуға түскен кезде оқу ақысы 300 мың теңге болды. Биыл 2-курсқа ауыстық, оқу ақысы біз ойлағандай 400 мың емес, 575 мың теңгеге жетті. Демек 93% көтеріп тұр. Келісімшартта инфляцияға байланысты көтереді деп жазған. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, инфляция 9,3% болып тұр. Бізге ешқандай құжат бермеді, қосымша келісімшарт та жоқ. Бұл колледжде алып бара жатқан білім де жоқ. Ал ақысына қарасақ университетпен бірдей ғой… Әрі оқу ақысының нақты қанша теңгеге көтерілгенін 6 қазан күні айтып отыр, — деді акушер ісі мамандығының студенті Динара Қойшығұлова.
Фармация мамандығына түскен Фарида Саттықованың айтуынша, оқу ақысы туралы мәліметті жаз бойы сұраған. Оқу бөлімі алдын ала ақпарат бермеген.
— Сабақ қазан айында басталды. Сол кезден-ақ күн сайын сұрап жүрдік. Куратор да, ректор да айтпады. Топтағы студенттер ректорға барған кезде 550 000 теңге болғанын жеткізген. Біз қай заңға, қай талапқа сүйеніп өсіргенін сұраған едік. «Шаруаң болмасын, өзім білем» деп айтқан. Осындай қиындыққа тап болдық. Биыл ғана емес, келесі жылы да көтереді екен. Басқа оқу орнына ауысу үшін оқу ақысының тең жартысын төлеу керек, құжатты бермейді. Мен қарсымын, ешкім біздің сөзімізді тыңдаған емес. Негізі келісім бойынша кешкі оқуға түскен едік. Жұмыс істейміз, кешке келіп оқимыз, — деді Фарида Саттықова.
Ал колледж әкімшілігі болса оқу ақысын нарыққа реттеп 50-56% көтергенін ғана растады.
— Нарық заманына байланысты оқу ақысының көтеріліп жатқаны рас. Біз жеке колледж болғасын өз-өзімізді қамтамасыз етеміз. Әр мамандықта бөлек-бөлек 50-56% көтерілді. Оқу орнына түскен кезде біз келісімшарт береміз. Келісімшарт екі тілде. Сол келісімшартта өзгеруі мүмкін деген жазылған. «Бізге неге жазда айтпады» дейді наразылар. Оқу жылы 1-қыркүйектен басталды. Жан-жақтан мәліметтерді қараймыз. Сөйтіп жиналыста осындай ұйғарымға келді. Биыл 600-700-дің үстінде студент қабылданды. Колледжде 1 500 студент бар, — деді Жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Омарова.
Ата-аналардың бір тобы прокуратураға шағым түсіргенін де мәлімдеді.
Еске салсақ, былтыр Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университеті лицензиясынан айырылып, жабылды.