Ақтөбеде оқу-жаттығу жиыны кезінде көз жұмған жас балуанның анасы кінәлілердің жазалануын сұрады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қылмыстық кодекстің «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару не сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша қозғалған іс тоқтатылды. Ал жас балуан Рахымжан Елепбергеновтің ата-анасы жаттықтырушыны жұмыстан шығарып, тергеуді қайта жүргізуді сұрап отыр.

Рахымжан Елепбергенов
Фото: r.elepbergenov

Оқиға биыл 4-ақпан күні болды. Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Родниковка ауылындағы мектепте оқып, қазақ күресінен үйірмеге қатысқан Рахымжан Елепбергенов Ақтөбе қаласындағы оқу-жаттығу жиынына келеді. Сол кезде қарсыласы жамбасқа лақтырады. Сол сәтте жас балуан басын ұстап, бұрышта жатып қалады. 

- Сол жерде Рахымжан 6 минут бойы жатып қалады. Тұрғысы келеді, тұра алмайды. Отырады, тізерлейді, жатады. Біз кезде бір бала келіп, жаттықтырушыны шақырады. Жаттықтырушы келіп, баламды күштеп тұрғызады. Сол сәтте Рахымжан құлап, есінен танды. Жан-жағындағылар оны сол жерде шешіндіріп, төрт жігіт сүйреп, далаға алып шығады. Бұл қыста, ақпанда болды. Ал жаттықтырушы бізге «күресті, отырды, су ішіп келді, содан кейін аузынан көбік ағып, құлай бастап еді тіреп қалып, жедел жәрдем шақырып, жібердім» деді. Бәріне осылай айтты. Жарақат алғанын білгеннен кейін әкесі түнде видеоны қарады. Содан дәрігерлерден баламызды менингиттен емес, жарақаттан емдеуді сұрадық. Баланы қалалық балалар ауруханасынан облыстық ауруханаға ауыстырып, басына қан құйылғанын білді.

Рахымжан Елепбергенов
Фото: r.elepbergenov

Ал қалалық балалар ауруханасында нейрохирургия бөлімі жоқ. Арада 28 сағат өткеннен кейін ота жасауға кірісті. 

Қолымызда сараптама қорытындысы бар. Онда доғал затпен ұрылған деп тұр, - деді Гүлдерай Гадилшина. 

Марқұм Рахымжан Елепбергеновтің ата-анасы полиция таратқан ақпаратты жақында ғана көрді. Онда істің тоқтатылғаны туралы жазылған. 

- Қылмыстық кодекстің «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару не сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша іс қозғалды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді, соның ішінде бейнебақылау камераларының жазбалары қаралып, куәгерлер мен оқиғаға қатысушылардан жауап алынды. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс қадағалаушы органның келісімімен тоқтатылды,- деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі. 

Рахымжан Елепбергенов
Фото: r.elepbergenov

Бірақ ата-анасы мұнымен келіспей, істі қайта тергеуді сұрап отыр. Заңгерлерден де көмек күтеді. 

- Ол күні оқу-жаттығу жиынында медицина қызметкері болмаған. Денсаулығына байланысты демалысқа кетіп қалған. Бір қиыны жаттықтырушысы кешірім сұрамады. Ауруханада жатқан балам арада 42 күн дегенде есін жиды. Сөйлей алмады, қимылдамады. Бас сүйегінің жартысы болмады. Танымайды, білмейді. Арада 61 күн өткенде көзі мөлтілдеп жатып, кетті. Екі ай аурухананың алдында жүрдік шырылдап. Оны Астанаға тасымалдауға мүмкіндік болмады. Ес жиғаннан кейін 5 күн ғана палатада жатты, кейін қайта есінен айырылды,- деді анасы Гүлдерай Гадилшина.

Алғашында анасы баласын оқу-жаттығу жиынына жібергісі келмеді, тіпті жібермеді. Бірақ оқу-жаттығу басталып кеткеннен кейін апасымен еріп, қалаға жолға шықты. Онда да жаттықтырушының керек-жарағын апаруды сылтауратыпты. 

- Бізге 1 теңге де керек емес. Біз спорт саласында мұндай адамдар жұмыс істемеуі керек деп айтып отырмыз. Ерейментауда жас балуан көз жұмды. Оқиға қайталанып тұр. Дәл сол жаттықтырушылар Рахымжанның бапкерлері еді. Ештеңенің өзгермегенін, ешкім жазаланбағанын көріп отырмыз. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына да, облыстық білім басқармасына да бардық. Жауаптылар жазасын тартсын, заңгерлер көмектесем десе қабыл аламыз,- деді анасы. 

Рахымжан Елепбергенов
Фото: r.elepbergenov

Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің айтуынша, Родниковка ауылында қазақ күресінен үйірме ашып, балаларды жаттықтырған бапкер жұмыстан шығарылды.

Ал оның мектептен жұмыстан шығарылуын облыстық білім басқармасы ғана шешеді. Сонымен бірге қазақ күресінен аға жаттықтырушы да жұмыстан босатылады. 

- Қазақ күресі ережесіне сәйкес лақтыру әдісі болған. Бапкерлерге мына ісің дұрыс, мынау бұрыс дейтін кінә болмай тұр. Бапкерлердің өздері жұмысты қоямыз деп тұр. Ал шешіндіріп, далаға шығарған дегенді естімедім, істен көрмедім. Жедел жәрдем шақырып, алып кеткен. Отбасынан кешірім сұрауға барды. Алғашында сөйлесуге мүмкіндік болмады. Ауруханаға да барды,- деді Мейрамбек Махамбетов. 

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы болса жас балуанның биыл 5 ақпан күні облыстық көпсалалы балалар ауруханасына түскенін, оған жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылғанын хабарлады.

Сонымен бірге басына қан құйылған, ес-түссіз болған. Бірнеше рет ота жасалғанымен Рахымжан Елепбергенов 5 сәуір күні көз жұмды. Тек облыстық денсаулық сақтау басқармасы алғашқы сәтте баланың қалалық балалар ауруханасында ем алғанын айтпады. 

Еске салсақ, 7 қыркүйекте Ақмола облысы Ерейментау ауданында өткен 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Х дәстүрлі халықаралық турнирі болды. Ақтөбелік балуан күрес әдісін орындау кезінде мойын омыртқасынан ауыр жарақат алып, есінен танып қалған.

Кейін дәрігерлер 2010 жылғы жасөспірім санитарлық авиациямен шұғыл Астана қаласындағы № 2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілгенін хабарлады.

Арада бірнеше күн өткенде жас балуан Бахтияр Ахай көз жұмып, бүгін жерлеу рәсімі өтті.

Соңғы жаңалықтар