Ақтөбеде оқушы өліміне қатысты тағы бірнеше күдікті қамалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Темір ауданы Қопа ауылындағы оқушы өліміне қатысты істің бабы өзгертілді. Қазіргі кезде 10 күдікті қамауда отыр. Тағы екеуінің қайда жүргенін полиция анықтайды.
Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылындағы оқушы өлімінен соң бұзақылық және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру баптары бойынша іс қозғалды. Қазіргі кезде іс Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабына ауыстырылды. Бүгін күдікті оқушылардың ата-аналары облыстық прокуратура маңына жиналып, себебін сұрады.
«Алғашында Қылмыстық кодекстің 106 бабы 3 бөлігімен қамалды. Еш дәделсіз, негізсіз 99 баптың 2 бөлігіне ауыстырып жіберді. Полиция, прокуратура басшысына барғанымызбен нақты себебін біле алмадық. Балам 4 қыркүйектен бастап қамауға алынды. Бұл балалар қасақана өлтірген жоқ. Бірге араласып, бірге ойнап жүрген балалар. Балам 14 жаста. Адам өлтіремін деп барған жоқ. Менің баламның өзі де осы жерде жәбірленуші, орындаушы болып тұр. 11 сынып балалары ұйымдастырып, апарған. Ұруға мәжбүрлеген. Қылмыстық кодекстің 99 бабына да, 106 бабына да келіспеймін. Қасақана өлім жоқ. Мектепте әлемжеттік бар. Система деп аталады. Бірнеше жыл болған. Былтыр осы жағдаймен іс тіркеліп, балалар ұсталып, аяқсыз қалды. Өзімнің балам 10 сыныпқа келгенде құрбаны болып тұр»,- деді Нұржан Төлебаев.
Сонымен бірге 11 сынып ата-аналары да өз ойын айтты.
- Балам Елдос Жаңабай 11 сынып оқушысы. Алғашында іске куәгер ретінде шақырды. Ал 14 қараша күні шақырғанда үш баланы қамады. Балалардың бәрі жас, олар адам өлтіремін деп барған жоқ. Сол күні балам қасымда шөп оруда болды. Ініммен бірге жеңіл көлікпен ауылға жарты сағат бұрын ерте кетті. Шай ішіп отырғанда достары хабарласып шақырады. Балам ол араға ештеңені білмей барды. Ұйымдастыруға қатысы жоқ. Ол барғанда балалар жиналып тұрған. Үлкен сынып балалары төмен сыныптарға әңгімелер айтқан. Бір-бірден ұрып шыққан. Балам өз еркімен ұрмаған. Қасындағы балалардан қорыққан,- деді ата-ана Бауыржан Шүкіров.
Қазір қамауда отырған тағы бір күдіктінің анасы Маржан Ибраева оқиға орнында биыл ғана мектеп бітірген жәбірленушінің туысы да болғанын хабарлап отыр. Ол 11 сынып оқушыларын қайрап, артынша өзі кетіп қалған. Ал балалар жәбірленуші құлаған кезде жедел жәрдемге хабарласып, екеуі ауыл дәрігерінен көмек сұрауға барған.
- Балалар алғашқы көмек көрсеткен. Бұл жерде Қылмыстық кодекстің 99 бабы негізсіз. Өте ауыр бап. Балалардың қолында қару-жарақ жоқ,- деді Маржан Ибраева.
Ата-аналардың бәрі ауылдағы әлімжеттік мәселесін мойындап отыр.
- Әлімжеттік система бар екенін естідім. Ата-ана ретінде учаскелік полицияға, инспекторға айтылды. Бірақ жауапсыз жылы жауып қойды. Салдарынан қайталанып тұр,- ата-ана Дария Базылбекова.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл іске қатысты тағы екі адамның қайда жүргені нақтыланып жатқанын хабарлады.
- Полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаға қатысы бар барлық адам анықталды және 10 күдікті қамалды. Сонымен бірге екі адамның мекенжайы нақтыланып жатыр,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 2 қыркүйек күні 9 сынып оқушысы мерт болды. Осы оқиғадан соң 10 және 11 сынып оқушылары қамауға алынды.