Ақтөбеде оқушылар денсаулығын тексерген дәрігерлер әрекетінен бұзушылық анықталмады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облысында медициналық тексеру жүргізген дәрігерлердің жұмысы сараланды. Комиссия бұзушылық анықтамады.

Ақтөбе облысында ата-аналар медициналық тексеру кезінде дәрігерлердің қолғап ауыстармағанын айтып, шағымданды. Кейін Ақтөбе облыстық денсаулық басқармасында комиссия құрылды. Комиссия құрамына басқарманың бөлім басшысы, штаттан тыс бас педиатр, заңгер, емхананың бөлім меңгерушісі енді.
— Медициналық тексерудің барлық кезеңіне тексеру жүргізілді. Ұйымдастырудан бастап мамандардың дайындығы мен олардың балаларды қарау тәртібі ескерілді. № 14 мектептегі медициналық тексеру кезінде № 5 емхана қызметкерлерінің ұйымдастыру-өткізу жұмысы кезінде бұзушылық анықталмады, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Барлығы 340 бала медициналық тексеруден өтуі тиіс болды. Сол кезде 184 оқушы тексерілді. Тең жартысы 10-11 сынып оқушылары болса, қалғаны — 12-13 жастағы жасөспірірім.
Еске салсақ, Ақтөбеде ата-аналар балаларын мектептің мәжіліс залына жинап, медициналық тексеруден өткізген ұжымның әрекетін сынға алды. Тіпті қолғапты ауыстырмағанын айтты. Кейін бірден комиссия құрылып, дәрігерлер жұмысы сараланды.