Ақтөбеде оқушы көз жұмған элеватор ғимараты сүрілмейтін болды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының экономикалық соты қаңырап бос тұрған элеваторды сүру туралы әкімдіктің талап-арызын қанағаттандырмады. Ескі элеваторда биыл оқушы қаза болған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қалалық Құрылыс және сәулет бөлімінің арызы қаралды. Әкімдік Forte Bank-ке тиесілі нысанды бұзуды талап етті.
«Сот анықтағандай, 2016 жылдың 8 шілдесі күні сатып алу – сату және қабылдау-тапсыру актісі болып, ғимарат Forte Bank-ке өтті. Меншік құқығы уәкілетті органда 2020 жылдың 19 наурызында тіркелді.
Азаматтық істі қарау кезінде талап қоюшы құрылысты бөлшектеу және бұзу жөніндегі жұмыстарды жүргізу қажеттігі туралы біржақты қорытынды жасауға мүмкіндік беретін дәлелдемелер ұсынбады. Сондай-ақ талап қоюшы мен үшінші тарап, яғни полиция, төтенше жағдайлар қызметі, облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы ғимараттың қандай да бір критерий бойынша апатты, қауіпті нысанға жататынын, оны бұзу қажет екенін анықтайтын дәлелдеме бермеді. Талап-арыз қанағаттандырылмады», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, биыл жазда Ақтөбеде ойнауға кетіп, үйіне оралмаған бала ескі элеватордың астық сақтайтын резервуарынан табылған болатын. Тереңдігі 10 метр болатын резервуардан табылған бала арада 20 күн өткенде ауруханада есін жимастан көз жұмды.