Ақтөбеде оқушы қызға күш қолданған мұғалімге үкім шықты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы №16 мектеп оқушысына нәпсіқұмарлық сипатта күш қолданған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бексұлтан Елемесовке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бексұлтан Елемесов бастауыш сынып оқушысын киім алмастыратын бөлмеге кіргізіп, тізесіне отырғызып алған. Кейін нәпсіқұмарлық сипатта күш қолданған .
Бүгін Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық есік жағдайында үкім шығарды. Айыпталушы Бексұлтан Елемесов Қылмыстық кодекстің «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Мемлекеттік айыптаушы сотталушы Б.Елемесовты балабақша, мектепте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырып, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот сотталушыға жаза тағайындағанда оның шын өкініп, кінәсін мойындағанын, бұрын сотталмағанын, тұрғылықты жері бойынша жағымды мінездемелер берілгенін ескерді. Жазаны ауырлататын мән-жай сотта анықталған жоқ. Сот шешімімен Бексұлтан Елемесов Қылмыстық кодекстің «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы балабақша, мектепте жұмыс істей алмайды»,- деді облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, жас маман жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтаған екен.