Ақтөбеде оқушыны мектепке дайындауға қанша қаражат керек
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырыла бастады. Ал базарлардағы кеңсе тауарларын сататын орындарда сауда қыза түскен. Өңірде оқушыны жаңа оқу жылына дайындау құны қанша? ҚазАқпарат тілшісі анықтап білді.
Ақтөбе облысы бойынша балаларды мектепке дайындау үшін базар мен сауда орындарында, кеңсе тауарларын сататын дүкендерде түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылып жатыр. Сәйкесінше сатып алушылар саны да артты. Қазіргі кезде Орталық базар маңында мектеп жәрмеңкесі өтіп жатыр. Мұнда оқу құралдарымен қатар мектеп формасын таңдауға болады.
Оқушы үшін аса қажетті 12 беттік дәптер құны – 25-30 теңге. Қалам 50-250, өшіргіш 60-150, түрлі түсті қарындаш 350-1200, қарындаш ұштағыш 70-120, күнделік 500-700 теңге. Сурет салуға арналған альбом 200-250 теңге тұрады. Оқушыларға арналған сөмке сапасына қарай 5 мың теңгеден басталады. Базардан 10-15 мың теңгенің сөмкесі де табылады. Оқушыларға арналған мектеп формасын 10-15 мың теңгеге салып алуға болады. Ал спорт киімі талғамға қарай таңдалады. Мұндағы футболка құны 2 мың теңгеден, ал спорттық киімді 10-15 мың теңгеге саудалайды. Аяқ киім құны да жасы мен сапасына қарай 10 мың теңгеден жоғары.

Қаладағы супермаркет пен гипермаркетте оқу құралдары бұрышы бар
Ақтөбе қаласындағы ірі супермаркет, гипермаркеттерде де оқу құралдары сатыла бастады. Мәселен, «Анвар» супермаркетінде 12 беттік дәптер құны – 17 теңге. Бір ерекшелігі, мұндағы дәптердің беті қоңырқай тартып тұрады. Оқушылар көбіне сапалысын таңдауға тырысады. Ал қалың дәптерлер бетіне қарай 119 теңгеден басталады. Мұнда да дәптер, кітап қаптағыш пен қалам, қарындаш, өшіргіш, түрлі түсті бояулар мен альбом сатып алуға болады. Ірі сауда орындарында киім-кешек болғанымен, кейбірінде тек кеңсе тауарлары ғана сатылып жатыр.

Қалада үш күндік жәрмеңке басталды
Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қалада мектеп жәрмеңкесі басталды. Үш күн бойы отандық киім өндірушілер өз өнімін ұсынады.
«Мектеп жәрмеңкесін білім, кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармалары, Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасымен және дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Жәрмеңкеде отандық өндірушілердің де, кәсіпкерлердің де тауарлары төмендетілген бағамен ұсынылып жатыр. Ақтөбе облысының тауар өндірушілері ғана емес, басқа өңірлердің кәсіпорындары да қатысуға ниет білдірді. Іс-шараның мақсаты — отандық тауар өндірушілерді қолдау және балаларды мектепке дайындау үшін ата-аналарға қолдау көрсету. Сондай-ақ облыстық білім басқармасы балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің мамандары құқықтық, әлеуметтік және психологиялық мәселелері бойынша кеңес берді», - деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Мектеп формасының түр-түсін әр мектеп әкімшілігі өзі бекітеді
Ақтөбе қаласындағы мектептер қою көк, сұр немесе торлы мектеп формасын таңдап жатыр. Мектеп формасының үлгісін оқу жылы басталмас бұрын сынып жетекшілері хабарлайды.
«Мектеп формасына қойылатын талапты министрлік бекіткен. Үлгісі классикалық болуы керек. Ер балалар костюм-шалбар, жакет, ақ жейде. Ал қыздар сарафан немесе белдемше, қажет болса костюм немесе жакет киюге болады. Шалбар классикалық үлгіде және тобықтан төмен болуы тиіс. Ал түр-түсін ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі және қамқоршылық кеңесі бірлесе шешеді. Мектепішілік жиналыста бекітіледі», - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы бөлімінің бас маманы Гүлдана Бакиева.

Ақтөбе облысы бойынша күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар отбасы, атаулы әлеуметтік көмек алатын топ пен төтенше жағдай кезінде зардап шеккен отбасы балалары үшін 600 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды. Әр баланың ата-анасына 40 500 теңге аударылады. Мұндай бала саны – 16 мыңға жуық. Сонымен бірге «Мектепке жол» акциясы басталды.
