Ақтөбеде өнерлі жұптар концерт берді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде отбасының үздік үлгісін дәріптеуге арналған «Қос жүректің лүпілі» атты концерт өтті. Оған сахнада жүрген өнерлі жұптар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбедегі Өнер орталығында «Қос жүректің лүпілі» концерті өтті. Концертке Қаділбек пен Маржан Омаровтар, Мирас пен Құралай Бекжановтар, Әділ мен Дана, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтар, Құрманбек пен Риза, Қайрат пен Жұлдыз, Қанат пен Света Айтбаевтар қатысты. Сонымен қатар, Фарида әкесі Лұқпан Жолдасовпен ән шырқады.
«Қос жүректің лүпілі» атты жоба ең алдымен отбасы тақырыбын, дұрыс тәрбие мәселесін насихаттау мақсатында жасалған. Өмірде де, өнерде де қатар жүрген достарымыздың бәрі үлгі аларлықтай шаңырақтың иелері. Сондай жандардың бір топ болып Ақтөбеде бой көтерген біздің Өнер орталығында қазақтың керемет дәстүрін жалғастырып, көпке үлгі ретінде «құтты болсын» айтып келуі - біз үшін үлкен мәртебе. Бұрын болмаған жағдай»,- деп жазды Света Айтбаева әлеуметтік парақшасына.
Айта кетейік, Өнер орталығы өткен жылы пайдалануға берілді. Бұл ғимарат бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерді. Қазір мұнда Ақтөбе облыстық филармония ұжымы қоныстанған.