Ақтөбеде орман ағаштары қурап жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі 7 орман шаруашылығының 12 мың гектар жерінде қураған ағаш бар. Алдағы бес жылда қураған ағаштарды кесіп, орнына жас көшет егілуі тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде орман ағаштары қурап жатыр

Ақтөбе облысы аумағында бар болғаны 0,17 пайыз орманды алқап бар. Қазіргі кезде 987 гектар аумақтың 52 мың гектарында ағаш өсіп тұр. Орман алқабының 200 мың гектардан астамына облыс әкімдіне қарасты мемлекеттік орман қоры жауапты.

«Ақтөбе облысы аумағындағы орманның 12 мың гектарында ағаш қурап қалған. Олардың көбі республикалық тасжолдың, теміржолдың бойында орналасқан. Алдағы уақытта сол ормандардағы ағаштарды кесіп, қайта жас көшет отырғызу керек. Қазақ орман шаруашылығы мекемесі теміржол, тасжол бойында қураған ағаш аумағын анықтап «Қазақстан темір жолы», «ҚазАвтоЖол» компанияларына хабар берді. Екі мекеме қаржы жоқ деп жұмысты бастамай отыр. Олар әзірге тек ағаш бұтақтарын қиып жатыр. Ал қураған ағашты түбірінен кесу керек»,- деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалауды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл. Алдағы бес жылда қураған ағаштың орнына жас көшет отырғызу жоспары тұр. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен де қаржы бөлінеді.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы аумағындағы жасыл белдеуді кеңейту жұмысы жүргізіліп жатыр. Биыл 430 гектарға 469 206 түп көшет отырғылды. Болжам бойынша егілген көщеттің тек 60 пайызы өсіп шығады. Қурап қалған жерге бір жылдан соң қайтадан көшет егіледі. Қазіргі таңда облыс аумағындағы 66 295 гектар табиғи орман алқабы жеке және заңды тұлғалардың меншігінде екені анықталып отыр. Алдағы уақытта барлығы мемлекеттік орман қоры аумағына енгізіледі.