Ақтөбеде орман алқабының аумағы 1 пайызға да жетпейді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Биыл орман алқабын түгендеу жұмысы жүріп жатыр. Тіпті шаруашылықтардың аумағындағы ағаштарды тіркеп, тізімге алу жоспарда бар.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл 100,2 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Жоспар орындалды. Сонымен бірге орман шаруашылықтары аумағына 9,9 млн түп екпе салынды.
- Ақтөбе облысының аумағы – 30 млн гектар. Оның 64 мың гектары ғана орманмен көмкерілген. Яғни орман алқабының аумағы 1%-ға да жетпейді. Елімізде 2 млрд, ал Ақтөбеде 65 млн түп өскін өсіру жоспарда бар. Бұл жоспарды келер жылы іске асыру керек. Жұмыс одан кейін де жалғасады. Былтыр орманмен көмкерілген аумаққа ревизия жүргізілді. 90 мың гектар аумақты орманмен көмкерілген аумаққа қосып жатырмыз. Ол жерде сексеуіл өскен. Кезінде есепке алынбаған екен. Қандыағаш ағашы өсіп тұрған жерлер де бар. Олар жеке шаруашылықтардың аумағында қалып қойған. Оны да алып, орман қорына қосқымыз келеді,- деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.
Оның айтуынша, 30 млн гектар жердің белгілі бір аумағын орман алқабына айналдыру жоспары жоқ. Алайда тал егу жұмысы жалғасады.
- Облыстың жер көлемі үлкен және барлығы бірдей ағаш егуге жарамды емес. Қазақ орман орналастыру кәсіпорны 10 жылда бір келіп, территорияны зерттеп, жоспар бекітеді. 2015 жылы келген. Биыл тағы келіп, келер жылы жұмысын аяқтайды, нақты жоспар қояды. Қай жерге қандай тал егуге болатынын айтады. Сол құжат бойынша ғана жұмыс жүргізіледі,- деді Исатай Еспағанбетов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбедегі орман алқабына 10 миллионға жуық екпе салынуы керек.