Ақтөбеде осы айда күн жауын-шашынды болады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысында сәуір айының екінші онкүндігі әдеттегіден салқын болады. Сонымен бірге облыстың солтүстігінде жауын-шашын нормадан жоғары болуы ықтимал.

Ақтөбеде сәуір айында ауа температурасы орта есеппен +7+12 ℃ жылы болады. Бұл нормадан +1+2 ℃ (норма +5+11 ℃) жоғары. Сәуір айының алғашқы онкүндігінде күн жылы болды. Алайда екінші онкүндігінде ауа температурасы түнде -3+2℃, күндіз +3+8 ℃ болады. Сол екінші онкүндіктің екінші жартысында күндіз +15+20 градусқа дейін ысиды.
— Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде +3+8℃, кейде -2+3℃ болады. Ал күндіз +17+22℃-тан +10+15 градусқа дейін ауытқып тұрады. Облыстық басым бөлігінде жауын-шашын қалыпты болса, солтүстігінде нормадан көп түседі деп болжанып отыр. Айдың ортасында жаңбыр, жылбысқы қар жауып, үшінші онкүндіктің басында және соңында жаңбыр жауады. Үшінші онкүндіктің басында найзағай ойнап, ортасында тұман түсуі ықтимал, — деді «Қазгидромет» РМК АОФ инженер-синоптигі Наталья Снигирева.
Ақтөбе қаласында жылу маусымы дәл қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Әкімдік осы және келесі аптада күн суық болады деп отыр.
— Ақтөбе облысында жылу маусымын өткізу ережесіне сай түнде ауа температурасы орташа +10 °С болса және бұл 5 тәулік бойы сақталса, күн күрт жылынып кетсе қала әкімінің қаулысы шығарылады. Сол кезде жылыту маусымы аяқталады. Әзірге осы және келесі апта күн суық болуы мүмкін деп болжанып отыр- деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанайда жылыту маусымының мерзімі өзгеруі мүмкін екені жазылды.