Ақтөбеде өткен идеялар жәрмеңкесінде жас кәсіпкерлердің ең үздік бизнес жобалары анықталды

Белгілі болғандай, биылғы жылы Ақтөбеде «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жас кәсіпкерлер мектебі өтті. Екі апталық курсқа жасы 29-ға дейінгі 60-қа тарта жастар қауымы қатысты. Оқыту нәтижесі бойынша олар келешектегі өз кәсіпорындарының бизнес жоспарын жасады.
Іріктеу туры барысында финалға 7 қатысушы шықты. Ұсынылған жобалардың ішінде фаст-фуд өндірісі, балаларға арналған инновациялық такси, жиһаз матасын өндіру, ұлттық зергерлік бұйымдар өндірісі, әйелдер киімдері цехы, шағын кинотеатр, сауықтыру-профилактикалық кешен бар.
Әділқазылар жобаларды инновациялылығы, ұтымдылығы, перспективалылығы дәрежесі бойынша, әлеуметтік немесе экологиялық әсерінің болуы, жұмыс орнын құруы бойынша бағалады.
Комиссия жұмысының қорытындысында Гүлвира Досова мен Айгерім Сейітжанова ұсынған күмістен жасалған ұлттық зергерлік әшекейлер өндірісі бойынша бизнес жоспары үздік жоба болып танылды. Жобаның жалпы құны 5,6 млн. теңгеге бағаланды.
Авторлар ойлап тапқан «Kausar Jewels» жобасы ұлттық әшекейге деген тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырумен қоса, жергілікті халықтың мәдениетін де арттыруға бағытталды. Қыздар өз өнімдерін «ЭКСПО-2017» көрмесіне ұсынуға ниетті. Белгілі болғандай, Ақтөбе облысында халықты кеңінен қамтитын мұндай әшекей бұймдарын шығаратын зергерлік цех жоқ.
Екінші орынды Шыңғыс Айтқалиевтің сауықтыру-профилактикалық кешенінің жобасы иеленді. Үшінші орын Батырхан Ізмағаманбетовтың жиһаз матасын өндіру жобасына бұйырды.
Байқау қағидалары бойынша өңірлік идеялар жәрмеңкесінің бірінші орын иегері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде гранттық қаржыландыруға ұсынылады, сондай-ақ «KazFranch-2014» франчайзинг көрмесіне қатыса алады.
Бұдан басқа, «Даму» қоры жобаның қатысушылары үшін әлеуетті тәлімгер мен инвесторларды тартуға ықпал ететін болады. Оқытудан өткені туралы сертификатының болуы грантты қаржыландыруға байқауға қатысуға, банктер кредиті бойынша кепілдеме алуға құқық береді.