Ақтөбеде өзен арнасын кеңейту жұмыстары әлі тоқтап тұр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде өзен арнасын кеңейту жұмысы тоқтап, жобаға түзетулер енгізілуі тиіс болатын. Бірақ әзірге тиімді шешім қабылданбады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде өзен арнасын кеңейту жұмыстары әлі тоқтап тұр

Ақтөбеде 8 өзен арнасын кеңейту жұмысы 2 жыл бұрын басталды. Жобалау жұмыстарынан соң құрылысқа 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Кейін жергілікті тұрғындар мен табиғат жанашырлары наразылық танылып, іске Президент тапсырмасымен Экология министрі араласты . Жобаға қайта түзетулер мен толықтырулар енгізілуі тиіс еді. Әзірге нақты жұмыстар атқарылып жатқан жоқ.

«2018 жылы Қарғалы өзені арнасын кеңейту, тереңдету жұмысы басталып, тоқтап қалды. Тұрғындар су аз деп шағым айтқанда жұмыс кейінгі шегеріліп, түзету енгізуге қайта жіберілді. Содан бері бір тоқтамға келмеді. Бір жылдан астам уақыт бойы бәрі бос тұр. Үнемі өзен жағасына келеміз. Мәселен, Шәмші Қалдаяқов ауылы маңын сараласақ. Бұл маңда насос көп. «ҚазСуШар» мекемесінің мәліметінде сүйенсек, Қарғалы су қоймасынан секундына 3 текше метр су жіберіп отыр. Ал бір үлкен насос сағатына 2 мың текше метр су айдайды. Осындай 6 құрылғының өзі қоймадан жіберілген суды соруға жеткілікті. Біз 23-ін анықтадық. Яғни, өзен арнасын кеңейтуден емес, шаруашылықтардың көбейгені, насос қуаттылығынан құрғақшылыққа тап болып отырмыз», - деді мердігер мекеменің инженері Рашид Сламбек.

Өзен маңындағы саяжай тұрғындары құрылыс жұмыстарының жалғасқанын сұрады. Себебі арна кеңейсе, су тасқыны қаупі сейіледі.

«Біз өзен маңында тұрамыз. Көктем сайын «суға кетеміз» деп қорқып, құжатымызды ұстап, көшіп жүретін едік. Тазарту жұмыстарынан соң бәрі өзгерді. Ал судың азаюына келер болсақ, шаруа қожалықтары көбейді, суармалы кәсіппен айналысатындар тастардан кедергі жасап, насос қондырып алған. Салдарынан су қоймасынан өзенге келетін ағын азайды», - деді қала тұрғыны Ләззат Қабақбаева.