Ақтөбеде өзенге қой суаруға барған жасөспірім суға батып кетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Оқиға Темір ауданы Шұбарқұдық ауылы маңында болды. Төтенше жағдайлар қызметі ата-аналарды сақ болуға шақырды.

Темір ауданы Шұбарқұдық кенті маңындағы Ойыл өзенінде қайғылы жағдай болды. Жасөспірім мал суаруға барып, артынша өзі де суға түскен.
- 2009 жылы туған жасөспірім отбасымен бірге мал суаруға шыққан болатын. Сол сәтте жасөспірім қойдың артынан суға кіріп, батып кеткен. Бұл оқиға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың және балаларға жүзуді үйретудің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналар мен ауыл тұрғындары қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, балалардың өмірі мен қауіпсіздігін әрдайым басты назарда ұстауы қажет, - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, мамыр айында Шалқар көлінен мектеп оқушысының денесі табылды. Ол тыйым салынған жерде суға шомылған.
Сонымен бірге Ақтөбе қаласындағы Елек өзені бойында орналасқан демалыс орындарының бірінде қайғылы жағдай тіркелді. 4 жасар баланың денесін сүңгуірлер 2 метр тереңдіктен алып шықты.