Ақтөбеде пара бермек болды деп айыпталған прокурор істі тоқтатуды сұрады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің «Пара беру» бабы бойынша айыпталып жатқан Есентұр Қадыровтың ісіне қатысты алдын ала тыңдалым өтті. Бұрынғы прокурор қылмыстық істі тоқтатуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тергеу кезінде бірнеше заңсыздықтың тіркелгенін айтқан айыпталушы істі тоқтатуды сұрады.
«Мен құқық қорғау саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, басшылық қызметті де атқардым. Істі Бас прокуратураның арнайы тергеу тобы тергеді. Заңсыздықтар өте көп. Оқиға тіркелген автокөлікті тексеру кезінде видеожазба үзіліп, хаттау ісіне куә ретінде қатыстырылатын бөгде адам болмады. Хаттамада жазба техникалық себептерге байланысты үзілгенін де жазылмаған. Адамдардың құқығын қорғауы тиіс тергеушілер менің қорғаушымды бір ай бойы соталды тергеу жұмыстарына қатыстырмады. Сондықтан біз сотқа екі рет арыз түсіріп, міндеттеу туралы шешімге қол жеткізген соң ғана тергеуге қатысуға мүмкіндік алдық»,- деді айыпталушы Есентұр Қадыров.
Айта кетейік, алдын ала сот тыңдалымы кезінде бұрынғы прокурордың қорғаушылары тергеу кезінде айтылған 40 мың доллар ақшаның екі апта бойы қайда сақталғаны белгісіз екенін баса айтты. Себебі, көлік ішінен тәркіленген ақша оқиға орнында мөрленіп, арнайы қорапқа салынбаған. Ол ақшаның болғанына да күмән келтірді. Алдын ала тыңдалым кезінде айыпталушы Есентұр Қадыровтың жұбайы Қадырова да сөз сөйледі. Ол істі тоқтатуды сұрады. 37 жастағы прокурорға айып тағылғанға дейін ол немқұрайлылық танытқаны үшін жұмысынан шеттетілген болатын. Кейін жұмыстан шығарылды. Айыпталушының екі баласы бар. Ол Қырғызстан елінде дүниеге келген.
Іс материалына сүйенсек, Есентұр Қадыров өткен жылдың 14 қарашасы күні ұсталды. Айыпталушы өзіне қатысты қылмыстық істі тоқтату үшін Бас прокуратураның тергеу тобына пара беруге шешім қабылдаған. Тергеу тобы пара беру кезінде айыпталушыны тұтқындады.
Басты сот отырысы 11 сәуірде болады.