Ақтөбеде пәтерден анасы мен баласының денесі табылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде көпқабатты үйлердің бірінде пәтерден 75 жастағы қария мен оның 44 жастағы ұлының денесі табылды. Полиция тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 23 шілде күні болған. Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтөбе қаласындағы пәтерлердің бірінен 75 жастағы әйелдің және оның 44 жастағы ұлының денесі табылды. Денесінде зорлық-зомбылық белгісі болмаған.
«Олардың екеуі де ауыр сырқатқа шалдыққан, есепте тұрған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, бірқатар сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚПК-нің 201-бабы бойынша өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, биыл наурыз айында Ақтөбеде анасы мен баласы кісі қолынан қаза тапты. Ал осы үйдің 13 жастағы қызы жансақтау бөліміне жатқызылды.
«Жедел тергеу тобы пәтерден 35 жастағы әйелдің және 16 жастағы ұлының зорлық белгілері бар мәйіттерін тапты. Қаза тапқан әйелдің 13 жастағы қызы пышақ жарақатымен балалар ауруханасының жаңсақтау бөліміне жатқызылды. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жараланған қызға ота жасалғанын хабарлады.