Ақтөбеде ПИК қызметкерлері Жұмыспен қамту орталығының ақшасын жымқырған
2011 жылы ПИК пен қаланың Жұмыспен қамту орталығы арасында әлеуметтік жұмыс орындарына жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру бойынша қызмет көрсетуге арналған келісімшарт жасалды. Келісімшарт шарты бойынша 50 мың теңге жалақымен 5 адам жұмыспен қамтылған. Алайда көрсетілген соманың бір бөлігін, оның ішінде мемлекет бюджетінен бөлінген қаражатты И.Ергарина мен Т.Арзамасцева екеуі жымқырған. Осылайша, 2011 жылғы 9 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында «Табыс-24» ПИК кассирі мен бухгалтері мемлекетке 260 024 мың теңге көлемінде зиян келтірген. Ақтөбе прокуратурасы мемлекетке келтірілген материалдық залал сомасының орнын толтыру туралы И.Н.Ергарина мен Т.П.Арзамасцеваға қатысты талапарызбен қалалық сотқа жүгінді. Ақтөбе қалалық соты қала прокурорының талапарызын толықтай қанағаттандырды. Жұмсалған қаражат мемлекет қалтасына қайтарылды.