Ақтөбеде пышақ жарақатын алған оқушы ауруханаға түсті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Оқиға Шалқар ауданында болды. Қазір күдікті полиция бөлімшесінде.

полиция
Фото: Polisia.kz

Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 

- Күдікті тұлға анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті профилактикалық есепке қойылып, оның ісі аудан әкімдігі жанындағы комиссияда қаралатын болады. Бұдан бөлек кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін күдіктінің ата-аналарының жауапкершілігі қарастырылады, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі. 

Деректерге сүйенсек, жәбірленуші 14 жаста, ал күдікті 15 жастағы жасөспірім. Екеуі де мектеп оқушысы. Жәбірленуші есін біледі. 

- 26 қазан күні Шалқар қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Бүгінде ол Ақтөбедегі балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Оқиғаға қатысты құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Білім бөлімі мен құқық қорғау органдары бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қосымша профилактикалық жұмыстарды күшейтті,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстауда бір-бірін аяусыз ұрған қыздардың төбелесі тарады. Оқиға Жаңаөзен қаласында болған. Жасөспірімдер бір-біріне ауыр сөздер айтып, арты жанжалға ұлысқан. 

Соңғы жаңалықтар