Ақтөбеде полиция көлігі аударылып қалды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде полиция көлігі аударылып қалды. Жол апаты қаладағы Кеңес Нокин даңғылында орын алды, ал полиция көлігіне соқтығысқан жеңіл көлік иесінің жүргізуші куәлігі болмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ваз-2114» көлігінің 24 жастағы жүргізушісі Шернияз көшесінен Жанқожа көшесіне бағыт алған кезде жол ережесін бұзған. Ол жол бойында қауіп төнгеніне қарамастан жылдамдықты төмендетпеген. Салдарынан жол-патрульдік полициясының көлігіне соқтығысып, көлік аударылып қалды. Жол-көлік апаты кезінде жеңіл көлік иесінің жүргізуші куәлігі болмағаны анықталды», - деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, сот медициналық сараптама барысында 28 жастағы жол-патрульдік полициясы қызметкері мен оған соқтығысқан жеңіл көлік иесінің ішімдік ішпегені анықталды.
Қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты Әкімшілік кодекстің «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне әкеп соққан бұзушылығы» бабы бойынша іс қозғалды. Іс әкімшілік сотқа жолданды.