Ақтөбеде полиция қызметкерлері төрт мектептен бомба іздеді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде белгісіз біреу мектептерде жарылғыш зат бар деген хабарламаны полицияға жіберген. Полиция төрт білім ордасының оқушыларын эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбе облыстық полиция департаментіне Назарбаев зияткерлік мектебі, № 2, 14 және 31 орта мектептерінде жарылғыш зат бар деген хабарлама түсті.

Оқиға орнына шұғыл қызметтер мен саперлер тобы барды. Ғимаратта жарылғыш құрылғылардың бар-жоғына тексеру ұйымдастырылды.

Тексеру нәтижесінде жарылғыш зат табылған жоқ.

«Полиция департаменті анонимді хабарламаның авторын анықтау және күдіктіні ұстау үшін жедел шараны қолға алды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ақтөбе облысының Полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын және ҚР ҚК 273-бабында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.


Еске салсақ, биыл облыстағы сот ғимараттарының бесеуіне бомба қойылғаны туралы хабарлама да тексерілді. Полиция тексеруден соң бомба табылмағанын мәлімдеді.

Ал былтыр алғашқы қоңырау кезінде 6 мектепке «бомба қойылғаны» айтылып, тексерілді.


Соңғы жаңалықтар