Ақтөбеде полиция қызметкерлерінің саны қысқарып, жалақысы өсті
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық полиция департаментінде 300-ге жуық қызметкер қысқартылып, үнемделген қаржы еңбекақыны өсіруге мүмкіндік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы Қанат Әлиев облыстағы криминогендік жағдайдың жай-күйі, сондай-ақ ІІМ жүйесіндегі реформа шеңберінде қабылданып жатқан шаралар туралы қысқаша баяндады. Алғашында 287 штаттық бірлік қысқартылды. Оның 26-ы басшылық лауазым. Есесіне жергілікті полиция қызметінің жүйесін «сервистік полиция» қағидатымен жетілдіру жобасы шеңберінде жаңа тетіктер, құралдар мен жұмыс әдістері енгізіліп жатыр.
«Биыл облыс орталығында 5 стационарлық полиция бекеті орнатылды. Онда азаматтар тәуліктің кез келген уақытында барлық сұрақ бойынша жүгіне алады. Сондай-ақ, біз ең криминогендік учаскелерді анықтадық. Ал Жол картасын жүзеге асыру аясында 5 жыл ішінде 12 стационарлық модульдік бекет пен 16 учаскелік полиция пунктін салу жоспарланған. Облыстық ПД алдына қойылған міндеттердің бірі – бұл полиция бөлімшелерінің үй-жайларында, атап айтқанда арнайы мекемелерде, азаматтарды уақытша ұстау бөлмелерінде, қаруды сақтау және беру бөлмелерінде, кезекші бөлімдерде, ішінара тергеушілер мен анықтаушылардың кабинеттерінде жаппай бейнебақылау жүйесін енгізу. Бүгінгі таңда 979 бейнекамера орнатылған», - деді Ақтөбе облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы Қанат Әлиев.

Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров, облыстық мәслихатының депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Оларға телефондағы қосымшаның көмегімен қылмыстар мен оқиғалар туралы бейне хабарлама жіберуге болатын «Омниканалдылық» жүйесінің жұмысы көрсеттілді. Қанат Әлиев депутаттарды «Азаматтарға арналған қабылдау» бөлмесіне өткізіп, модульдік стационарлық бекет пен учаскелік полиция пунктінің жұмысымен таныстырды.
Жалпы, өңірдегі жедел және қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Жеке құрам Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігінің алға қойған өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, халықтың сенім деңгейін арттыруға және азаматтардың барлық өзекті сауалдарына жедел ден қоюға бағытталған. Қоғамдық орындарда және көшелерде рецидивті, топтық, мас күйінде жасалған және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар азайды. Кездесу соңында Руслан Хамбаров жергілікті атқарушы органдар құқық қорғау органдарын озық техникалық құралдармен жабдықтау бойынша жан-жақты көмек көрсететініне сенім білдірді.


