Ақтөбеде полиция қызметкерін көлігімен сүйреп кеткен жүргізуші әйел cотта жауап берді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде полиция қызметкерін көлігімен сүйреп кетіп, кейін оқиға орнынан кетіп қалған әйел сотта жауап беріп жатыр. Ол үйіне барып ұйықтап қалып, күні бойы ешкімге есік ашпаған.
№2 Ақтөбе қалалық сотында полиция қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспай, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші әйелге қатысты сот отырысы басталды.
Айыптау актісіне сүйенсек, үйінде ұйықтап жатқан айыпталушыға азаматтық некедегі күйеуі хабарласып, нақты бір мекенжайдан ақша алып кетуін сұрайды. Сол кезде әйел көлігіне мініп, Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылы мен Тілеу батыр көшесінің қиылысына барып тұрады. Мас күйінде рульге отырғаны үшін сот-медициналық сараптама жасатып шыққан ер адам полиция қызметкеріне өтініш айтып, жолда тоқтайды. Сол кезде ол полиция қызметкеріне қарамастан әйелінің машинасына мініп алады.
– Полиция қызметкері Данияр Аймағамбетов мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталып, медицилық сараптамадан шыққан ер адамның көлігін айып тұрағына апармақ болады. Полиция қызметкері рульге отырып, жанына көлік иесі мінеді. Ол жолда әйеліне ақшаны беріп жіберетінін айтып, өтініш білдірген. Оған сенген полиция қызметкері тоқтап, рұқсат береді. Алайда көлік иесі машинадан шығып, күтіп тұрған әйеліне қарай жүгіреді. Олардың қашпақ болғанын білген Д.Аймағамбетов көліктің алдыңғы есігіне барады. Есіктің құлыпталғанын біліп, тоқтату үшін алдына шығады. Көлік қозғалғанда капотқа жабысып алады. Ал рульде отырған әйел оның полиция қызметкері біле тұра әдейі қозғалып кетеді. Бірнеше метр жүрді. Сол кезде полиция патрулінің көлігі келеді. Кесе көлденең тұрып, жолды бөгегенде көлік сәл кідіріп, полиция қызметкері түсіп қалады. Ал жүргізуші әйел белгісіз жаққа кетіп қалады. Сот сараптамасы кезінде полиция қызметкерінің зардап шекпегені анықталды, - деді мемлекеттік айыптаушы К.Күзенбаев.
Сот отырысы кезінде жәбірленуші, полиция қызметкері «тоқта» дегенге құлақ аспаған соң екі көше қиылысына дейін капотқа мініп барғанын айтты. Ал рульде отырған жүргізуші әйел газ бен тормозды шатастырып, қорыққанынан ешкімге құлақ аспай жүріп кеткенін айтып берді.
– Қорыққаннан жүрдім. Патрульдік көліктің «тоқта» деп айтқанын да естімедім. Өзге бір көлік көлденең тоқтағанда ғана аялдадым, сол кезде капоттағы адам түсіп қалды. Мен оқиға орнынан кетіп қалдым. Үйге келдім. Тыныштандыратын дәрі ішіп, ұйықтап қалдым. Кешкісін адамдар келді. Оның кімдер екенін есіктен қарау мүмкін болмады, қарайтын саңылауы жоқ. Қатты түрте бастады, тепті. Ашуға қорықтым. Сол кезде электр тогы өшіп қалды. Ертеңіне анам келген еді, сол кезде ғана есікті аштым, - деді айыпталушы келіншек.
Оған Қылмыстық кодекстің «Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері» бабы бойынша айып тағылып, іс қаралып жатыр.
Еске салсақ, оқиға биыл қыркүйек айында болды. Мас күйінде рульге отырған кәсіпкердің баласы сол күні қашып кетіп, ұсталды.