Ақтөбеде ірі көлемдегі синтетикалық есірткі тәркіленді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысында ірі көлемдегі синтетикалық есірткі партиясы тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында гараж кооперативтерінің бірінің аумағында 38 жастағы қала тұрғынын ұстады. Қызметтік-іздестіру итімен Daewoo Nexia автокөлігін тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған 43 орам және екі таблетка табылып, тәркіленді.
— Кейін күдікті есірткіні буып-түю үшін пайдаланған гаражды тінту барысында жертөле бөлмесінен ұнтақ тәрізді заты бар 161 орам, өзіне тән иісі бар зат салынған үш шағын ыдыс, термометр, zip-пакеттер, сары және жасыл түсті изоленталар, электронды таразы, сондай-ақ жазбалары бар жұмыс дәптері табылды. Сонымен қатар күдіктінің тұрғылықты мекенжайында ұнтақ тәрізді заты бар 44 орам, шамамен 200 бос zip-пакет, заттың қалдығы бар пластик бөтелкенің бөлігі және ноутбук тәркіленді. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы шамамен 500 грамм синтетикалық психотроптық заттар алынды. Бұл — заңсыз таралуы мен тұтынылуына жол берілмеген 3 мыңнан астам бір реттік доза, — делінген ақпаратта.
Күдікті Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, Ақтөбе қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарының заңсыз айналымы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бұрын ШҚО-да есірткі зертханасын ұйымдастырған екі ер адам 11 жылға сотталды.