Ақтөбеде ірі мұнай компаниясы әлі де газды алауда жағып отыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның газ өңдеу зауыттарында былтыр 82 млн текше метр газ алауда жағылды. Алдағы екі жылда оның көлемі 20 млн текше метрге жетуі тиіс.

жарылыс
Фото: видеодан алынған кадр

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы былтыр 102,837 млн шаршы метр ілеспе газды жағуға рұқсат алды. Өткен жылы компания зауыттарында 82,181 млн текше метр газ жағылды.

- Еліміздің батысындағы Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында мұнай-газ компаниялары өте көп. ҚР Экологиялық заңнамаларының талаптарына сәйкес газды алауда жағу барлық өңірде негізі тоқтатылды. Алайда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешеніне қарасты зауыттарда күні бүгінге дейін алауларда газ жанып тұр. Сол себепті Жол картасына арнайы енгізіп, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на талап қойып отырмыз. Талап бойынша газды өз кәдесіне жаратуы тиіс. Алауда жағуды тоқтатып, басқа қажеттілікке пайдалануы қажет, - деді Ақтөбе облыстық Экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов.

Жол картасы облыс әкімімен келісіліп, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрімен бекітілген. 2024-2026 жылдарға арналған жоспар іске асса, ілеспе газды жағу 20 млн текше метрге дейін азаяды.