Ақтөбеде рефендум учаскесі ашылғанда дауыс берген адамдар сыйлық алды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбедегі №1 орта мектепте орналасқан №72 референдум учаскесі алғашқы боп таңдау жасаған адамдарға сый ұсынды. Қала тұрғыны Оразғали Шермағанбетов ерте келіп, азаматтық белсенділік танытты.
Ақтөбе облысында бүгін 530 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Халық санының өсуіне байланысты оның алтауы жаңадан құрылды. Облыс орталығында орналасқан №1 орта мектеп №72 референдум учаскесіне Оразғали Шермағанбетов дауыс беру басталған сәтте келіп, азаматтық белсенділігін танытты. Зейнеткер таңғы сағат 07:00-де өз учаскесіне келіп, таңдауын жасап, сыйлыққа ие болды.
– Елімізде өткен саяси науқандарға қатысып келемін. Бүгін де Конституциялық құқымды пайдаланып, азаматтық белсенділік танытып, дауыс беруге келдім, - деді Оразғали Шермағанбетов.
Айта кетейік, қазіргі кезде Референдумда дауыс беру құқығы бар 569 845 адам тізімге енген. Оның 303-іне есептен шығару куәлігі берілді. Бұл – азаматтардың өтініші. Олар өзге орындарда дауыс береді.