Ақтөбеде референдум учаскелері дайындықты аяқтады

АҚТӨБЕ.KAZINFORM — Ақтөбе қаласындағы № 116 референдум учаскесінде мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Олардың 7-і өз таңдауын үйде отырып жасайды. 

Ақтөбеде референдум учаскелері дайындықты аяқтады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысы бойынша республикалық референдумда 14 аумақтық және 528 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істейді. Референдум комиссияларының құрамында 3 534 мүше бар.

Kazinform тілшісі № 116 референдум учаскесіндегі жұмысты көрді. Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Бибігүл Жаскеленованың айтуынша, әзірлік ақпан айында басталып, толық аяқталды.

Бибігүл Жаскеленова
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Комиссия мүшелері шақыру қағаздарын түгел таратып шықты. Қазіргі кезде референдум учаскесі референдумға толық дайын. Учаскеде 1478 сайлаушы бар. Оның 7-і үйден дауыс беруге өтініш қалдырды. Өтініш 15-наурыз сағат 12:00–ге дейін қабылданады. Сонымен бірге есептен шығару туралы куәлікті алып жатқан тұрғындар да бар. Учаскедегі тізімде бар-жоғын нақтылап жатқан адамдар да жетерлік. Қазақстан тұрғындарын болашағымыз үшін таңдау жасауға шақырамыз, — деді № 116 референдум учаскесінің төрағасы Бибігүл Жаскеленова.

референдум
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Мұнда екі жылжымалы жәшік бар. Байқаушылар мен БАҚ өкілдеріне арналған орын жасақталған. Мүгедектігі бар адамдар өз таңдауын жасаған кезде арнайы құрылғыларды қолдана алады.

Айта кетейік, 116 референдум учаскесінде төрағадан бөлек 5 комиссия мүшесі бар. Бәрі де алдын ала біліктілігін арттырды.

— Рефендум күні концерт ұйымдастырылады. Сонымен бірге қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтеді. Тіпті арнайы фотоаймақ дайындап қойдық. Біздің референдум учаскесінде 18-ге толған 32 тұрғын бар. Сонымен бірге сол күні 6 адамның туған күні болады. Қарттарымызға да арнайы сыйлық дайындалды, — деді Б. Жаскеленова.

референдум
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Жалпы Ақтөбе облысында республикалық референдумға қатысуға құқығы бар 577 053 адамның тізімі жасалды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, референдум күні дауыс берушілер тіркелген мекенжайы бойынша учаскеге баруы тиіс. Бұл жөнінде ҚР Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеді

Соңғы жаңалықтар