Ақтөбеде республикалық тасжолды күтіп ұстайтын техника жеткіліксіз
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті халық жиі шағым айтатын Ақтөбе-Хромтау тасжолына мониторинг жүргізді. Қазір жолды күтіп ұстауға қажетті техника жетіспейді, қолда барының көбі тозып тұр.

Ақтөбе облысы бойынша республикалық тасжолды күтіп ұстау «ҚАЖ Сервис» ЖШС-іне жүктелген. Бұл мекеме 1800 шақырымнан асатын республикалық жолды күтіп ұстау үшін 97 техника пайдаланып отыр. Негізі 257 техника керек.

«Бізге әлі де 162 техника жетпейді. Бар техникамен жолды ұстап тұрмыз. Біздің міндетіміз қысы-жазы күтіп ұстау. Барлығы 97 техниканың 55-і ескі, істен шығуға шақ қалып тұр. Қыста жүк көліктерінің жанар-жағармайы қатып, жолды бөгейді. Біреуі 1 минут тоқтаса, 15 көлік тұрады. Қыстай тасжолдар 40 рет жабылды. Боран, көктайғақта жабамыз. Кейбірі тыңдамай шығып кетіп, жолды бітеп тастайды», — деді «ҚАЖ Сервис» ЖШС АОФ директоры Рахат Сыдықов.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Алмат Мырзағалиевтің айтуынша, алдымен жергілікті жерде ескерту берілді, кейін «ҚазАвтоЖол» АҚ басшылығы шақырылуы мүмкін.
«Техника аз, ақша уақтылы бөлінбейді. Жөндеу жұмыстарына да мардымсыз қаржы аударылып отыр. „Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын“ бағыты — проблемалық аймақ. Бұл жолға уақтылы күтім жасалмаған екен. Қаладан шыққан бойда жол сапасы нашарлады. Бұл арқылы қазіргі жағдайын анық білуге болады. Біздегі мәлімет бойынша 2005-2006 жылдары мұнда жөндеу жұмысы болған, содан бері жөнді жұмыс атқарылмаған. Күн сайын 10 мың көлік жүреді. Жазда 15 мыңға дейін жетеді әрі оның 70% жүк көлігі. „ҚазАвтоЖол“ АҚ 56 шақырымға конкурс жариялап, 3 жылға жоспарлады. Бұл әлі де аз», — деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Алмат Мырзағалиев.
Айта кетейік, «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» тасжолын салу үшін 7 учаскеге бөлінді. Биыл 2 учаскеде жөндеу жүргізіледі.