Ақтөбеде республикалық маңызы бар жолдарда құм мен тұз себу жұмыстары жүргізіліп жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде қар жауып, жүк көліктерінің қозғалысы қиындады. Қазір республикалық маңызы бар жолдарда 19 техника инертті материалдарды себу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде республикалық маңызы бар жолдарда құм мен тұз себу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Ақтөбе қаласы мен аудандардағы жолда көліктер жүре алмай жатыр. Себебі көбі қысқы доңғалаққа ауыстырылмаған. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасымның айтуынша, барлығы 8 аудандағы жағдай осындай. Алдағы екі күнде де жел күшейіп, көктайғақ болады.

«Қар жауып, жол тайғақ болды. Ал жүк көліктері Самара – Шымкент тасжолында төмпешіктерден өте алмай жатыр. Құм және тұз себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде жолда 5-10 техника тұрып қалып тұр», - деді Ақтөбе облыстық ТЖД басқарма бастығының міндетін атқарушы Нұрбек Оралбаев.

«Қазақавтожол» ЖШС-нің мәліметіне сүйенсек, республкалық маңызы бар жолдарда 19 техника құтқару, тазарту, құм мен тұз себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көбі Самара-Шымкент, Ақтөбе-Орск тасжолы мен Солтүстік айналма жолда. Айта кетейік, өңірде жылыту бекеттері дайын. Облыс бойынша 156 пункт бар.