Ақтөбеде республикалық жылқы палатасы құрылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Өнімділік бағыттағы жылқы тұқымдарының республикалық палатасы Ақтөбеде құрылды, деп жазады «Ақтөбе» газеті.
None
None

Еліміздің    «Асылтұқымды  мал  шаруашылығы  туралы»  Заңына  енгізілген  өткен  жылғы  өзгерістер  бойынша  алдағы  уақытта  асылтұқымды  мал  шаруашылықтары  мен  зауыттары  болмайды.  Ендігі  жерде  асылтұқымды  малға  мәртебені  Республикалық  палата  ғана  береді.  Осымен  байланысты  біздің  облыстың  өнімділік  бағыттағы  асылтұқымды  жылқысы  бар  шаруашылықтары,  елімізде  жылқы  шаруашылығын  дамытуға  мол  үлес  қосқан  ақтөбелік  ғалым,  жылқының  екі  бірдей  тұқымының  авторы,  ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты  Серікбай  Рзабаев,  ауыл  шаруашылығы  саласы  қайраткері,  жылқы  шаруашылығының  жанашыры  Мәлік  Жекеев,  басқа  да  көптеген  азаматтардың  бастамашылығымен  Республикалық  палатаны  құру  қолға  алынған  еді.

Палата  осы  жылғы  ақпан  айында  Әділет  министрлігінде  тіркелді.  Палатаның  жұмысын  жүргізу  үшін    алғашқы  құрылтайшылар  биылғы  маусым  айының  басында    кездесіп,  бірсыпыра  мәселелерді  пысықтады.  Оның  құрылтайшыларының  республиканың  барлық  облыстарынан  болуын  және  палата  мүшелігіне    үміткерлердің  жеке  немесе  заңды  тұлғалардан  қабылдануын  қамтамасыз  ету  мақсатында  жұмыстар  жүргізілді.  Соның  нәтижесінде  7  шілде  күні  республиканың  10  облысынан    жылқы  өсірумен  айналысатын  ғалымдар  мен  мамандар,  асылтұқымды  жылқы  шаруашылықтары  жетекшілері  және  осы  саланың  көпшілікке  танымал    кәсіпкерлері  Ақтөбеге  жиналды.  Олардың    қатысуымен  Ақтөбе  ауыл  шаруашылығы  тәжірибе  станциясында  палата  құрылтайшыларының    жалпы  жиналысы  өтті.

Осы  жиында  кең  талқыланып  палатаның  үлкен  құрамда  кеңесі  сайланды.  Еліміздің  барлық  облысынан  жылқы  шаруашылығына  қатысы  бар  ғалымдар,  асылтұқымды  жылқы  өсірумен  айналысатын  шаруашылықтардың  басшылары,  оның    мүшелері  болды.

Кеңестің  төрағасы  болып  ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты,  ауыл  шаруашылығы  ғылымының  кандидаты,  жылқының  екі  бірдей  тұқымының  авторы  Серікбай  Рзабаев,  орынбасары  болып  Қостанай  облысынан  ауыл  шаруашылығы  ғылымдарының  докторы,  жылқы  тұқымының  авторы  Нәбидолла  Кекебаев  сайланды.  Кеңестің  құрамында  еліміздің  әр  өңірлерінен,  оның  ішінде  Ақмола  облысының  «Ақтық»  агрофирмасының  бас  директоры  Аманкелді  Түйтенов,  Қызылорда  облысынан  «Атамекен-2»  агрофирмасының  бас  директоры  Бақырадин  Өтеев,  Солтүстік  Қазақстан  облысынан  «Арқалық»  шаруа  қожалығының  басшысы  Нағашыбай  Барлыбаев,  Батыс  Қазақстан  облысынан  «Дөңгелек»  шаруа  қожалығының  басшысы  Михаил  Пшеничный  сынды  белгілі  тұлғалар  бар.  Палатаның  атқарушы  органы  сайланып,    директорлығына    көпшілік  дауыспен  облыстың  мал  шаруашылығын  асылдандыру  саласында  ұзақ  жылдар  қызмет  атқарған  Байзақ  Махмут  бекітілді.

Еліміздің  түкпір-түкпірінен  жиналып,  Ақтөбеде  бас  қосқан  жылқы  шаруашылығының    небір  майталман  шеберлері  мен  білікті  мамандары  осы  саланы  дамытуға,  жаңа  құрылымды  жолға  қоюға  байланысты  өз  ойларын  ортаға  салды.  Палата  кеңесінің  мүшелері  ауыл  шаруашылығы  ғылымдарының  кандидаты,  ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты  Серікбай  Рзабаевтың,  мал  шаруашылығы  зерттеу  институтының  жылқы  шаруашылығы    бөлімінің  жетекшісі,  ауыл  шаруашылығы  ғылымының  докторы  Сейілхан  Рахмановтың,  тағы  да  басқа  жан-жақтан  жиналған  көптеген  ғалымдар  мен  мамандардың    атап  көрсеткеніндей,  өнімділік  бағыттағы  жылқы  тұқымдары  республикалық  палатасының  Ақтөбеде  құрылуы  тегін  емес.  Өйткені  осы  кезге  дейін  жылқы  тұқымын  жақсарту  мақсатында  өнімділік  бағыттағы  асылтұқымды  жылқылар  басқа  өңірлерге  республиканың  батыс  облыстарынан,  соның  ішінде  Ақтөбе  облысынан  тараған.  Ал  Ақтөбе  облысына  басқа  өңірлерден  ондай  мақсатта  жылқылар  келген  жоқ.  Жабы,  мұғалжар,  көшім  жылқылары  Ақтөбе  өңірінде,  адай  жылқысы  Маңғыстау  жерінде.  Мұның  себебі,  республика  бойынша  жылқының  жетекші  ғалымдары  мен  жылқы  тұқымын  асылдандыру  жұмыстары  Ақтөбе  облысында  жүргізілгені  белгілі.

Мамандардың  есебіне  қарағанда,  республикада  1  млн  984  мың  200  жылқы  болатын  болса,  соның  8  пайызы  ғана  асылтұқымды  болып  есептеледі.  Әрине,  қазақ  жылқының  қадірін  ертеден  білген,  бұл  үрдіс  қазір  де  сақталып  отырғанын  да  айтуымыз  керек.  Асылтұқымды  жылқының  саны  кемігенмен,  елімізде  оның  әлі  де  16  түрі  өсірілетіні  көңілге  демеу.  Оның  ішінде  өнімді  түрлері,  яғни  еті  мен  сүті  пайдаланатыны  -  қазақы  жылқы,  көшім  және  мұғалжар  тұқымдары.  Ал  Қостанай  жылқысы,  жүйрік  адай  жылқысы  да  мініске  қолайлы  болып  келеді.

Осы  басқосуда  біз  жылқы  шаруашылығының  мамандарымен  кездесіп,  олардың  пікірлерін  білген  едік:

Айтмұханбет  ҚОЖАБЕКОВ,  Павлодар  облысы  Май  ауданы  «Ақжар-Өндіріс»  агрофирмасының  бас  директоры:

-  Біз  2000  жылдан  бері  қазақтың  жабы  жылқысын  өсіреміз.  Жылқымыздың  саны  қазір  2  мыңға  жуықтады.  Палатаның  ашылуына  келдік,  оның  қызметін  бастағанына  қуаныштымыз.  Біз  келешекте  палатаның  жылқы  шаруашылығымен  айналысатын  кәсіпкерлерге  үлкен  қолдау  көрсететініне  сенімдіміз.  Күнделікті  ұшырасып  отыратын  көп  мәселелерді  шешуге  араласуға  тиіс.  Әсіресе,  асылтұқымды  жылқы  өсіруге  айтарлықтай  жәрдемі  тиеді  деп  ойлаймыз.  Палатаның  ашылуы  -  шаруашылықтар  үшін  үлкен  мүмкіндік.  Өйткені  оның  құрамында  жылқы  өсірудің  қыр  мен  сырын  зерттеп  жүрген  ғалымдар  көп.  Біз  үшін  олардың  кеңесінің  өзі  қымбат.  Себебі  жылқы  шаруашылығын  одан  әрі  дамытудың  қазіргі  заманғы  талапқа  сай  көп  жағдайларын  біз  бүгінгі  күні  толық  біліп  отырғанымыз  жоқ.

Аманкелді  ТҰРАБАЕВ,  Қазақ  мал  шаруашылығы  және  мал  азығы  ғылыми-  зерттеу  институтының  жетекші  ғылыми  қызметкері,  ауыл  шаруашылығы  ғылымдарының  кандидаты,  жылқы  маманы:

-  Жылқының  жаңа  түрі  будандастыру  әдісімен  шығарылды.  Бұл  өте  қиын  және  ұзақ  жылдарға  созылатын  жұмыс.  Осы  жолдағы  есімі  елімізден  де  тысқары  жерлерге  мәлім  атақты  селекционер  Серікбай  Рзабаевтың  еңбегі  орасан.  Ол  көшім  тұқымының  ақтөбелік  үлгісін  шығарды.  Соның  нәтижесінде  көшім  тұқымындағы  генетикалық  құрылым  жолға  қойылды.  Қазақы  жылқының  тұқымын  әлем  мойындайды.  Қазақы  жылқы  Ресейдің  бүкіл  Волгоград  облысынан  Қытайдың  батыс  өңіріне  таралған.  Қазақы  жылқысының  мықты  болуы  кешегі  Мұғалжар  жылқы  зауытымен  байланысты.  Сол  қазақы  жылқының  ішіндегі  ең  таңдаулы  айғыры  мен  биесінің  негізінде  Мұғалжар  жылқы  тұқымы  құрылды.  Ғылыми  тілде  айтатын  болсақ,  бұл  таза  тұқымды  мал  өсіру  әдісімен  шығарылды.  Одан  қалды,  қазақ  жылқының  ішінде  тағы  бір  әліге  шейін  өзінің    шешімін  таппай  келе  жатқан  адай  жылқысы  бар.  Ол  бүгінгі  құрылған  палатаның  жұмысының  нәтижесінде  өз  мәртебесін  алу  керек  деп  есептейміз.

Адай  жылқысын  біз  өз  алдына  жаңа  тұқым  ретінде  сондай  деңгейге  көтеруіміз  керек.  Кезінде  Маңғыстау  облысының  ауылшаруашылық  басқармасымен  бірлескен  жұмыс  жүргізілді,  бағдарлама  да  жасалды.  Бірақ  қаржы  жағы  шешілмей,  іс  аяқсыз  қалды.

Сейілхан  РАХМАНОВ,  Алматы  қаласындағы  Қазақ  мал  шаруашылығы  ғылыми-зерттеу  институтының  жылқы  бөлімінің  меңгерушісі,  ғылым  докторы:

-  Жылқы  шаруашылығының  алдына  үлкен  міндет  қойылып  отыр.  Ол  еліміздің  асылтұқымды  мал  өсіру  туралы  заңында,  қабылданған  түрлі  қаулыларда  жазылған.    Елбасымыз  да  ол  туралы  жиі  айтып  жүр.  Сондықтан  да  ғалымдардың  алдында  үлкен  міндет  тұр.  Бірінші  кезекте,  өнімділік  бағыттағы  жылқы  тұқымдарын  жедел  дамыту  керек.  Біздің  елімізде  бұл  бағытта  жылқының  негізгі  үш  тұқымы  бар.  Ол  -  көшім  тұқымы,  Ақтөбеде  өсіріледі,  Қостанай  мен  Батыс  Қазақстанда  да  бар.  Сосын  елдің  мақтанышына  айналған  Мұғалжар  жылқысы.  Оның  да  отаны  Ақтөбе,  еліміздің  өзге  де  өңірлерінде  өсіріледі.  Үшінші  -  қазақы  тұқым.  Оған  жабы,  адай  жылқысы,  таулы  жерде  өсетін  найман  жылқысы  кіреді.  Біздің  алдымызда  тұрған  міндет  -  жылқының  осы  түрлерін  өсіру.  Олардың  өнімділік  сапасын  арттырып,  мүмкін  болғанынша  жылқы  шаруашылығының  тұқымын  жақсарту,  санын  көбейту  бағытында  жұмыстар  жүргізу  қажет.  Соның  нәтижесінде  жергілікті  халықтың  асылтұқымды  жылқы  малын  пайдаланып  тұтынуына  жағдай  жасау  болмақ.  Егерде  олар  асылтұқымды  малды  пайдаланатын,  тұтынатын  болса,  оның  өнімділігі  де  жоғары  болады,  сапасы  да  артады.

Асылтұқымды  жылқы  өсіруде  өзім  қызмет  істейтін  институт  та  көп  жұмыстар  атқарып  жатыр.  Біздің  жұмысымыз  еліміздің  9  облысында  жалғасуда.  Оның  ішінде  Ақтөбе  облысы  жетекші  орын  алады.  Көп  мәселе  малдың  тұқымына  байланысты.  Мысалы,  көшім  тұқымы  еттік  бағытта  болса,  жабы  жылқы  ет-сүт  бағытын  қанағаттандырады.  Адай  жылқысы  мініске  қолайлы.    Аласалау  келетін  найман  жылқысы  таулы  жерде  жүруге  ыңғайлы  жануар.

Ғылыми-зерттеу  институттары,  ғалымдар  жұмыс  жасағанда,  малды  ірі  көлемде  өсіре  алмайды.  Мұны  өндірістік  салалар  ғана  атқара  алады.  Сондықтан  осы  екі  сала  бірігіп  жұмыс  жүргізгенде  ғана  істің  табысты  болатыны  белгілі.  Бұл  ретте  бүгінгі  Ақтөбеде  құрылған  республикалық  палатаға  үлкен  міндет  жүктеледі.

Жаңа  құрылымның  жұмысымен  танысып,  іс  қағаздарын,  құжаттарын  реттегеннен  кейін,  оған  қатысушы  қонақтар  кең  отырып  өз  іс-тәжірибелерін  ортаға  салды.  Ақтөбе  қаласының  көрікті  жерлерін  аралап,  жақын  жерлердегі  шаруашылықтарда  болды.

  Аманқос  ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Соңғы жаңалықтар