Ақтөбеде рейд кезінде бәкі ұстап жүрген жасөспірімдер анықталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы кезінде 300-ге жуық кәмелетке толмаған полиция бөлімдеріне жеткізілді. Арасында бәкі ұстап жүргендері де бар.

Елімізде «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы жалғасып жатыр. Он күннің ішінде Ақтөбенің полиция бөлімдеріне 294 кәмелетке толмаған жеткізілді. Бұл дерек бойынша барлығы 313 әкімшілік хаттама толтырылды. Балаларының тәрбиесімен айналыспаған ата-анаға 34 хаттама берілді.

— Кәмелет жасқа толмаған балаларды заңды өкілсіз, ата-анасыз ойын-сауық мекемелеріне кіргізгені үшін 4 әкімшіге хаттама толтырылды. Ол жерлерде 5 бала болды. Рейд кезінде көбіне балалардың түнде еш бақылаусыз жүру дерегі көп тіркелді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» бабы бойынша 249 хаттама толтырылды, — деді Ақтөбе облыстық ПД ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Ботакөз Жалекешова.

Оның айтуынша, 8 дүкен иесіне 21 жасқа дейінгі азаматтарға ішімдік сатқаны үшін хаттама толтырылды. Іс сотқа жіберілді. Дүкен иелері алкоголь өнімдерін сату лицензиясынан айырылып, айыппұл төлеуі мүмкін.
— Көшеде жүрген 7 бала «Аяла» бейімдеу орталығына жеткізілді. Олар заңды өкілсіз, ата-анасыз түнде қалада жүрген. Барлығы 15 бала есепке алынды. Сонымен бірге баласын қараусыз қалдырған 7 ата-ана да тізімге ілікті. Олар ішімдік ішетін отбасы. Қазір жастар бәкі ұстап жүр. Мұндай 2 дерек тіркелді. Бұл жерде де ата-аналарға балаларын қарамағаны үшін хаттама толтырылды. Сонымен бірге есірткі жарнамалары бары 22 сайт бұғатталды, — деді Ботакөз Жалекешова.
Алматы облысында оқушы өз сыныптасын өлтірді деген күдікке ілінді. Желідегі мәліметке сәйкес, қайтыс болған жасөспірім 11-сыныпта оқыған.