Ақтөбеде «сақалды құрылыстарды» аяқтауға миллиардтар жұмсалады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша құрылысы аяқталмай, кідіріп қалған 31 нысан бар. Оның 8-і мектеп. 

сақалды құрылыс
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысындағы проблемалық 31 нысанның 22-сі биыл қолданысқа беріледі. Олардың арасында спорт кешендері, мектеп, тұрғын үйлер бар.

- Біріншіден, мердігер мекеме міндеттемелерді уақытылы орындамайды. Көбіне еліміздің оңтүстік өңірінен келген мердігерлер қиындық тудырып отыр. Көбімен келісімшарт бұзылды, жобалық-сметалық құжатқа қайта түзету енгізілді. Екіншіден, геосаяси жағдай әсер етті. Үшіншіден коронавирус инфекциясы өршіген кезде көп тасымал тоқтап, кейін құрылыс материалы қымбаттап кетті. Қазіргі кезде мердігер мекемелер анықталып, құрылысы жүріп жатқан нысандар бар, - деді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Жарасбаев.

сақалды құрылыс
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының аудандарында пәтер кезегінде тұрған адамдарға берілетін 12 тұрғын үй құрылысы проблемалық нысанға айналған. Сонымен бірге, 8 мектепті салу кезінде кедергілер кезіккен.

- Қазір 1,5 млрд теңге ақша бөлініп, кейбір нысанда құрылыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжатына өзгерту енгізіліп жатыр. Олардың да бағасы 2 млрд теңге болуы мүмкін,- деді Аслан Жарасбаев.

Соңғы жаңалықтар