Ақтөбеде самокатты жалға беру бизнесін ұйымдастырған мұғалім сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Зейнеткер мен мұғалім ақтөбеліктерді онлайн табыс табуға үгіттеп, сендірген. Кейін оның қаржы пирамидасы екені анықталды.

Қызылордадағы атышулы оқиға: 9 сотталушы кассациялық сотқа шағым түсірді
Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

№2 Ақтөбе қалалық сотында зейнеткер И. Жоламан мен орта мектептің математика пәні мұғалімі Б.Нұргүлге қатысты қылмыстық іс қаралды. Екі сотталушыға да Қылмыстық кодекстің «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оған басшылық ету», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» баптары бойынша айып тағылды. 

Іс материалына сүйенсек, сотталушы И.Жоламан бұрын заңгер болып жұмыс істеген. 2024 жылы қосымша табыс табуды жоспарлап, әлеуметтік желі арқылы «онлайн жұмыс» сілтемесін басады.

Өзін Иван деп таныстырған бейтаныс адам «Harmony Rider Technology» компаниясына шақырады. И.Жоламан Б.Нұргүлмен алдын ала келісіп, қаржы пирамидасын құрады. 

АҚШ-тың Колорадо штатында тіркелген компания электр самокат шығаратынын, оны жалға беріп, ақша табуға болатынын айтып сендіреді. Сөйтіп бірнеше рет семинар өткізіп, адамдарға табыс табу жолын үйретеді. Ол үшін «HRT» компаниясының қосымшасын тіркеп, онлайн электр самокат алады. Егер жаңа клиент тауып, тіркесе бонус беріледі.

Ақша қосымшадағы жеке кабинетке түседі. Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, «USDT» - 1 долларға тең. Кейін оны «OKX» криптобиржасы арқылы ақшаға аударуға болады. 2024 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында жәбірленушілер 197 млн теңге ақша салған. 

Сот үкімімен И.Жоламан 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Мүлкі тәркіленді. Сотталушы Б.Нұргүл 5 жылға бос бостандығынан айырылды. Екеуі де қаржы саласында 7 жыл бойы қызмет ете алмайды. Сонымен бірге сот жәбірленушілердің кейбірінің азаматтық талап арызын қанағаттандырды.

Айта кетейік, Қарағандыда «Үміт Самғау» қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар тергеліп жатыр. Аталған компания өз қызметін жалғызбасты аналарға, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсететін қайырымдылық жобасы ретінде көрсеткен.

Азаматтарға салған қаражатының 300 пайыздан 800 пайызға дейін табыс әкелетіні жөнінде уәде беріліп, әртүрлі «салым түрлері» ұсынылған. Жоба шарттары бойынша салым көлемі неғұрлым жоғары болса, табыс та соғұрлым көп болатыны айтылған.

 

Соңғы жаңалықтар