Ақтөбеде сапасыз қызмет көрсеткен медициналық мекемелерден 50 млн теңге қайтарылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы бойынша медициналық емдеу мекемелері науқастарға тегін дәрі-дәрмекті уақытылы бермегені және медициналық құжаттарды дұрыс толтырмағаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде сапасыз қызмет көрсеткен медициналық мекемелерден 50 млн теңге қайтарылды

Көрсетілетін медициналық көмектің сапалылығына көз жеткізу үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» облыстық филиал мамандары жыл басынан 44 емхана мен ауруханаға барған.

«Күндізгі және толық стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарды екі түрлі әдіспен бақылауға болады. Біріншісі, «Медициналық қызметтердің сапасын бақылау жүйесі» атты ақпараттық база арқылы. Екіншісі, қордың сарапшылары емдеу мекемелеріне барып тексеріс жүргізеді. Жыл басынан бері күндізгі және толық стационарда көрсетілген 4,4 мыңнан аса емдеу деректері тексерілді. Соның ішінде 38 пайызында кемшілік анықталды. Нәтижесінде, ақтөбелік медициналық ұйымдардан 49,5 млн теңге кері қайтарылды», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова.

Сонымен қатар, күндізгі стационарлық көмектің сапасын тексеру үшін мониторинг бөлімінің мамандары 7 емдеу мекемесіне барып, 1,4 млн теңгеге кемшіліктер анықтаған.

«Мониторинг мамандары амбулаторлық-емханалық көмек пен консультациялық-диагностикалық көмек ұсынатын 44 медициналық ұйымға барып, тексеріс жүргізді. Сонда 1,9 млн теңгеге кемшіліктер анықталды. Яғни, науқастарға толық көлемде ем көрсетпеген, тегін дәрі-дәрмектерді уақытылы бермеген, медициналық құжаттаманы сапасыз толтырған. Ем алушылардың шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 3 млн теңгеге кемшіліктер анықталды», - деді Гүлмира Қожаниязова.

Айта кетейік, 2019 жылы халыққа тегін ем көрсету үшін Ақтөбе облысының медициналық ұйымдарына 39,1 млрд теңге бөлінді. Биыл бөлінген қаржы 4,5% көп.