Ақтөбеде Сенат депутаты сайлауына үш кандидат қатысады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында үш кандидат тіркелді. Сенат депутаттығына үміткердің екеуі өзін-өзі, біреуін аудандық мәслихат депутаттары ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

14 қаңтар күні Сенат депуттары сайланады.

ҚР Конституциялық заңының 73-бабына сәйкес облыстық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына мына кандидаттарды тіркеді:

Бекбауова Дана Бахытқызы 1977 жылы дүниеге келген. Қазір Ақтөбе облысы бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры қызметін атқарады. Ақтөбе қаласының тұрғыны өзін-өзі ұсынды.

Бекназаров Рахым Ағыбайұлы 1967 жылы дүниеге келген. Ол Қ.Жұбанова атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры. Кандидат өзін-өзі ұсынды.

Нұғманов Амангелді Шайхоллаұлы да 1967 жылы дүниеге келген. Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысын кандидаттыққа Хромтау және Мәртөк аудандарының мәслихаттары ұсынды.

Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясы Сенаты депутатын сайлау бойынша таңдаушылардың тізімін ұсынады.

Онда әртүрлі деңгейдегі 192 депутаттың аты-жөні бар.

«Әрбiр таңдаушы өзi туралы деректердi тексере алады. Тізімге енбей қалғанын немесе аты-жөні мен өзі туралы қате деректердің тіркелгенін көрсе, шағымдануға құқылы. ҚР Парламенті Сенатының депутатын сайлау бойынша таңдаушылардың бірлескен отырысы 2023 жылдың 14- қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де (тіркелу сағат 08:00-ден бастап), Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылындағы 90/б мекенжайында орналасқан «Өнер орталығы» ғимаратының конференц-залында өтеді. Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері мен коммерциялық емес ұйымдары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары дауыс беру күні байқаушылардың (өкілдерінің) қатысатыны туралы алдын ала хабарлауы сұралады», - деді Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде бес үміткер өтініш берді. Ресми тіркелгені үшеу ғана.


Соңғы жаңалықтар