Ақтөбеде сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көлік жүрмейді
Ақтөбе облысының бас санитар дәрігері шектеу шараларын түсіндірді. Оның айтуынша, екі күнде қалада көшеде еркін жүруге рұқсат берілмейді. Тек медициналық мекеме, зертхана, ветеринария қызметі жұмысын тоқтатпайды. Сонымен бірге коммуналдық қызмет те жұмысын жалғастырады.
«Әуежай мен теміржол, жанармай бекеті, күзет қызметі, супер- гипермаркеттер мен жеткізу қызметіне рұқсат бар. Көпқабатты үйлердің бірінші қабатында орналасқан азық-түлік дүкендері ашылады. Сауда-логистика орталығы, қойма жабылмайды», - деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.
Сонымен бірге мемлекеттік органдар мен БАҚ қызметіне шектеу жоқ. Өзгесі сенбі-жексенбіде жұмысын тоқтатады.
«Әкімшілік шара қолданбау үшін тәртіпке бағыну қажет. Себепсіз далаға шығуға болмайды. Қоғамдық тамақтану орындары да жеткізу қызметін тоқтатады. Қоғамдық көлік те жүрмейді», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Алтынбеков.