Ақтөбеде шахматтан жекелей чемпионат өтіп жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде шахматтан ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей чемпионаттың жартылай финалы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыс «Өнер орталығы» ғимаратында өтіп жатыр. Онда санитарлық талап қатаң сақталған. Ел біріншілігіне еліміздің барлық аймағынан 100-ге жуық спортшы келді.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс чемпионаттарында 1, 2, 3 орын алған спортшылар мен 1 шілдеге дейінгі жағдайға тиісінше рейтингі бар шахматшылар (2200 ерлерде, 1900 әйелдерде рейтинг нәтижесі) чемпионатқа қатысуға мүмкіндік алды.

Әсел Серікбай, Денис Махнев, Назерке Нұрғали және Аңсат Алдияр, Алуа Нұрманова сияқты атақты спортшылар, ұлттық құрама мүшелері жартылай финалға қатысады.
«Чемпионат швейцарлық жүйеде 9 турдан тұрады. Әр ойыншыға 60 минуттан және әрбір жүріске 30 секундтан беріледі. Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне демеушілер атынан 1 орын – 150 000 тг, 2 орын – 100 000 тг, 3 орын – 50 000 тг көлеміндегі қаржылай сыйлық табысталады. Ақтөбе облысының намысын Арыстанбек Оразаев (халықаралық мастер, ӘЧ қола жүлдегері, ҚР чемпионы), Кирилл Кудеринов (халықаралық мастер) және болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларымыз қорғайды»,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.




