Ақтөбеде шала туған балаларға киім тоқитын клуб жұмыс істейді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе қаласында шала туған балаларға арнап киім тоқып беретін топ бар. Олар бір жылдан астам уақыт ішінде балаларға 559 киімдер жиынтығын сыйға тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласының тоқымашылары сенбі сайын мейрамханалардың біріне жиналады. Кәсіпкер шала туған балаларға арнап киім тоқитын топқа бір бөлмені тегін беріп отыр. Мұнда олар жиналып, шұлық, жемпір, бас киім мен көрпеше тоқиды. Бәрі салмағы 2 келіге жетпейтін балаға арнап тоқылады. Қолына сым мен жіп ұстағандардың басым бөлігі жұмыс істейді. Олар ірі мұнай компанияларының, жоғары оқу орны мен медициналық мекемелердің қызметкерлері, есепшілер, кәсіпкерлер. Араларында зейнеткерлер де бар.
«Осыдан 6 жыл бұрын Алматыда тоқымашылар клубы құрылды. Оның негізін қалаушы Карла Нұр. Кейін Астанада, өзге облыс орталықтарында құрылып, жұмыс істей бастады. Ал Ақтөбеде бір жарым жылдан бері жиналып жүрміз. Әлеуметтік желі арқылы шала туған балаларға арнап киім тоқитын клуб жұмысымен танысып, кейін Ақтөбеде істі бастауды қолға алдым. Бізде тоқымашылар көп. Мен жұмысты жанымдағы достарымнан бастадым. Олар менің үйіме келіп, іске кірісті. Ақтөбе облыстық перенаталдық орталықпен байланыс орнатып, балаларға қажетті өлшемді сұрап алдық. Арада үш апта өткенде алғашқы киімдер жиынтығын тапсырдым»,- деді топты үйлестіруші Юлия Урекешова.
Алғашында 5-6 адам болса, клуб туралы хабар әлеуметтік желі арқылы тез тарады. Бір айда олардың саны 20-дан асып, 50-ге жетті. Апта сайын олардың 30-ы бір орынға жиналып, киім тоқиды. Кейбірі үйінде отырып тоқып, беріп жібереді.
«Клуб мүшелері жиналған кезде бір-бірімен танысып, әңгімелеседі. Бастысы -қатарға қосылғандарды тоқуға үйретеміз. Біз 100 пайыз жүннен жасалған жіпті пайдаланамыз. Негізгі талап осы. Үйрестіруші ретінде көтерме сауда орындарына тапсырыс беріп, жіп алдырамын. Бояуы қанық, әдемі түстер таңдалады. Ал сапасы балалардың денсаулығы үшін маңызды. Шала туған балалардың терісі тыныс алуы тиіс. Әрі тоқылған киім массаж, жылыту құралы болады. Таза жүннің осы қасиеттері талай баланың өсіп, жетілуіне септігін тигізді»,- деді Юлия Урекешова.
Айта кетейік, бір жылдан астам уақытта тоқымашылар 1118 орамадан 559 киімдер жиынтығын тапсырды. Қазіргі күні 57 жиынтық пен 8 жамылғы дайын тұр. Жіпті демеушілер, тоқымашылардың өздері, шала туған балалардың ата-анасы тапсырады.
«Әрбір қатысушы жіпті өзі сатып алады. Бір жиынтықты тапсыру үшін 2 орам жіп қажет. Кейбірі айына 4-7 жиынтық тапсырады. Біз көтерме сауда орнынан бір орамын 700 теңгеге алып жүрміз. Бір жиындыққа 1400 теңге керек. Бұл көп ақша емес. Ал зейнеткерлер мен бала күтімімен үйде отырғандардың қиналатыны сөзсіз. Оларға демеушілер көмектеседі. Ұйымдарға, түрлі кәсіпорындарға барып, «көмектесіңіздерші» деп айтпаймыз. Адамдар бір-бірінен естіп, біліп, өздері игі іске септігін тигізуге келеді. Бір кездері көмек алған жас аналар баласы өскен соң келіп, бізге демеуші болып жүр»,- деді үйлестіруші.
Ақтөбедегі екі перзентхана алғашында клуб жұмысын бір реттік деп ойлады. Бірақ уақыт өте келе байланыс нығайып, апта сайын, ай сайын тоқымашылардың қолынан шыққан киімдерді күтеді. Қазіргі күні ай сайын 40 жиынтыққа сұраныс бар. Тоқымашылар да кешіктірмей киім жеткізіп отыр.